2025 жыл
Қаңтар айы
01, Сәрсенбі
Жобаларымды жаңа ноутқа көшіріп бастадым. Қазір жаңа үй іздеп жатырмыз.
18, Сенбі
Жаңа үй таптық. West Hollywood.
21, Сейсенбі
Аудиоблогыма жаңа эпизод жарияладым: 124-ші эпизод: ауылға аудио-хат.
26, Жексенбі
Калифорниялық жүргізуші куәлігін алдым.
Жеке ментормен жаңа жұмысқа дайындықты бастадым. Бүгін екінші кездесу болды. Кездесудің жартысы орыс тілінде, жартысы ағылшын тілінде болды. Үш күннен кейін ендігі кездесу болады. Ақысын болашақ жалақымнан төлейтін болдым.
Тағы бір жаңа үй таптық: Orsini I. Көруге барғанда бірден ұнаттық. Кең, іші жарық пәтер екен. Ең бастысы Айғанымды апарымыз деп жүрген бақшаға жақын.
Лос Анжелесте жаңбырлы кезең басталған сияқты.

30, Бейсенбі
Кеше Айғанымды дәрігерге көрсеттік. Бәрі дұрыс. Кетекті вакциналарын алды. Енді ертең тағы бір қараламызда, әлгі бақшаға құжаттарды тапсырамыз. Сөйтіп бұйырса жақын арады қызымыз американың оқу жүйесіне қосылады. Әзірге түсінгенім алдымен балаға жағдай жасау керек екен, ал жұмыс табылады (не ол жұмысқа көлікпен жетіп алуға болады). Бұрын мен жұмысты бірінші орынға қойған едім.
Жеке Doordash аккаунт ашып, жұмыс істеп жатырмын. Кеше $77 таптым.
Appliance repair бойынша Yelp-тағы жарнаманы тоқтатып (қымбаттау, жоспарлап барып жаңартамын), Google-ға жарнама беріп бастадым. Нәтижесін көреміз.
Ментормен жұмыс жақсы жүріп жатыр. Бүгін үшінші кездесу болды. Анық мақсат бар + Жұмыс істеліп жатыр = Нәтиже болады.
31, Жұма
Google-дағы жарнаманы да тоқтаттым. Ыңғайы келсе кейін жалғастырамын.
Бүгін жаңа пәтердің ақшасын төлеп, қолдан жазылған құжатқа қол қойып, кілтін алдық. Үй бізге өте ұнап тұр. Әсіресе Айғанымға. Біз жалға берушімен сөйлесіп болғанше сол жерде ойнап, ойнақтап, балканға шығып далада ойнап жүрген құрдасымен танысып та үлгерді. Ең басында-ақ баланың қажеттіліктерін бірінші орынға қою керек екен.
Ақпан айы
10, Дүйсенбі
Бүгін Розаның туған күні ❤️
11, Бейсенбі
Өткен аптада алдында тоқтаған жарнамаға қатысты Google-дан хабарласып мән-жайды сұрады. Мәселенің мән жайын түсінген соң маған көмектерін ұсынды. Тегін. Бүгін жұмысты бастадық. Ойлашы, Карл, жарнамамды Google-дың өзі жасасып жатыр!
Жарнамам жарияланды. Енді нәтижесін күтейік.
16, Жексенбі
Бүгін Санта Моника пляжында болдық. Жағажайдағы ауа, вайыб – керемет!

Тынық мұхитымен қуаласпақ ойнап жүрген Айғаным.
Кешке таман in-n-out-қа кіріп тамақтандық. Кейін Айғаным бір "жылтыр жапсырғыны" сұрап қоймаған соң Даунтаундағы Target-ке кірдік. Негізгі іздеген затты таппадық. Оның орныны басқа бір жылтыраған бояу алдық. Тағы ойыншықтарды таңдап жүргенде көзіме "Bluey Digital Camera for Kids" деген түсті. Мамасымен талқыладық та Айғанымның алғашқы фото-видеокамерасын алып бердік. Баланың қуанышында шек жоқ. Фотоларын сақтап қою керек.
18, Сейсенбі
Бүгін Los Angeles Public Library-ге тіркеліп, картасын алдық (LAPL).
21, Жұма
Бүгін Даунтаунның әдемі бір көшесінде бағдаршамның жасыл түсін күтіп тұрдым. Алдымда бір-екі көлік. Ауа ерекше таза, ағаштардың жапырақтары қою жасыл, Күн сәулесі өткір. Өте әдемі сәт.
Осы сәтте бұрын-соңды келмеген ой санамды шарпып өтті: осымен болды ма сонда? деп ойладым. Әлемнің алпауыт елінде, ең ірі қалаларының бірінде өмір сүріп жатырмын. Ендігі қадам қандай? Енді тек қалыпты өмір сүре беру ғана қалды ма? Әлде бұл басқа бір кезеңнің бастауы ма?
Ойымды бағдаршамның жасылы бұзды.
Бүгін жақсы жұмыс күні болды – шамамен $150 таптым. Жұмыстан кейін, түнде Ютубтан "Man on the Moon" деген киноны ағылшын тілінде көрдім. Өте ұнады. Жим Керридің мұндай рөлін білмеппін. Қайта көруге де тұрарлық фильм екен.
Кітапханаға тапсырыс берген екі кітаптың біреуі дайын. Ертең Айғанымды сонда апарамыз, сол кезде кітапты да алып кетемін.
Жұмыс істеп жүріп, Podcasting 2.0 подкастының екі эпизодын тыңдадым. Айтылған әңгіменің 90-95%-ын түсіндім – ұнады.
Қазір таңғы бес. Ерте ұйықтау – өз алдына бір мәселе.
23, Жексенбі
Кеше "The Office" сериалы түсірілген орынның біз тұрып жатқан жерден небәрі 15 миль қашықтықта екенін білдім. Енді бір барып көру керек.
Кеше жалпы демалыс күні болды. Кешке азық-түлік алып, Холлиудтағы сириялық донерден дәм таттық.
Бүгін мен жұмысқа шығамын, ал Роза мен Айғаным кітапханаға барады.
Ертең Instacart-пен жұмыс істеп көрем. Кейбір пысықтар аптасына $2000 жасайды-мыс...
Ақпан айының нәтижелері:
- Google-дағы жарнаманы қайта өшірдім; хабарласқан адамдар тек жарнама, спам немесе мен айналыспайтын нәрселерді сұрап жатыр.
- Айғаным ойнап жүріп камерасына түсірген барлық суреттерді өшіріп тастапты. Ок, әлі де түсіріп жүр.
- LAPL-дың пайдасы молынан болып жатыр: тегін дүниесі телегей теңіз. Қызықсаңыз сайттарына кіріп зерттеп көріңіз.
- Ұйқы мәселесі түбегейлі шешіліп жатыр: кешке неғұрлым ерте жатуға тырысып жүрміз. Алдыңғы күндері 10 сағатқа дейін ұйықтадық.
- Instacart-пен жұмыс жалғаспады, әзірге Doordash ыңғайлылау.
Наурыз айы
01, Cенбі
Ертеңгісін тестілеу бойынша сабағымды оқуға офиске келдім. Менторым тапсырмалар берді, соларды орындап жатырмын. Үзіліс кезінде Қазақстанға видеоқоңырау шалдым – дерлік бәрі ауыз бекітіп жатыр екен. Қабыл болсын деп тілек айттым.
Видеомен сөйлесіп, офистің сыртын көрсетіп жүргенде, ағаштардың арасынан Қара ағаш тауып алдым. Қуанып қалдым.
Айтпақшы, мен осы жерге жазбаған бір маңызды нәрсе бар: шамамен екі ай бұрын Калифорниялық жүргізуші куәлігін алдым! Теориялық тесттен де, жүргізуден де бір рет құлап, қайта дайындалып, ақыры бәрінен сәтті өттім.
Енді банктен жаңа мекенжайым көрсетілген 2-3 "bank statement" алуым керек:
- Куәлігіме қазір мен тұрып жатқан, actual мекенжай жазылады.
- Жай Driver License-тің орнына Real ID аламын.

Айына $450 тұратын 2007-ші жылғы Приусым. Downtown, LA. 2025 жыл.
Осы жерге келгелі (5 ай) айдап жүрген көлікті де ауыстырмақшымын.
Мәселе мынада: көліктің иесі оған ақша құюға ниетті жоқ, ал жөндеу жұмыстарын жасау қажет. Сондықтан, оған "не бұл көлікті маған сат, не мен басқа адамнан жалға аламын" деген ұсыныс айттым. Ол өз кезегінде, осы көліктің орнына бұдан жаңалау Prius-ты дәл осы бағамен алуды ұсынды.
Бұл шешім маған ұтымды көрінеді. Бұйырса, келер аптада Сан-Диегодан жаңа көлікті алып келетін шығармын.
Әзірге көлікті жалға алған дұрыс болып тұр. Тұрақты жұмыс тауып, баланы preschool-ден кәдімгі мектепке орналастырғаннан кейін барып, өз көлігімді аламын деп жоспарлап отырмын.
Жалға алынған көлікті уақытында тіркеп, сақтандырсаң болды – ешқандай мәселе туындамауы керек. Ал егер қандай да бір проблема пайда болса, ол көлік иесінің жауапкершілігі. Маған қазір артық қиындықтың қажеті жоқ.
02, Жексенбі
Кеше Трамп Америка Құрама Штаттарының ресми тілі туралы атқарушы жарлыққа қол қойыпты. Енді елдің ресми мемлекеттік тілі – ағылшын тілі. Екі-үш ай бұрын ғана бұл мемлекеттің ресми тілі жоқ екеніне таңданып едім, енді ол мәселе шешілді. Бірақ, меніңше, бұл АҚШ үшін аса жақсы қадам емес. Өйткені бұл елде Қазақстандағыдай титулды ұлт жоқ – Америка иммигранттардан құралған мемлекет. Сондықтан тіл алуандығы да сақталғаны жөн деп ойлаймын. Қызығы, біз дәл осы президенттің билік ету кезеңіне тап келдік. Жігіт тым шапшаң әрекет етуде. Осы жағдайға қарап, баяғы "бояушы, бояушы дегенге сақалын бояпты" деген мақал есіме түсіп отыр.
Келе сала Ақ үйдің ресми сайтынан испан тілін алып тастағаны ұнамаған еді, сөйтсем, сол қадам осының бастауы болған екен. Енді ары қарай не болар екен? АҚШ-тың ресми діні пайда бола ма?
06, Бейсенбі
Америкаға келгелі бір байқағаным – BBC сияқты подкаст шығаратын компаниялардың эпизодтарында жарнамалар пайда болған немесе көбейген. Қазақстанда жүргенде көбіне тек "бұл эпизодта жарнама болуы мүмкін" деген ескертуді ғана еститін едім.
Қазір кейде жарнамалардың ұзақтығы 90 секундқа дейін жетеді. Бірақ бір жақсы жағы – енді "бұл қызмет сіздің өңірде қолжетімсіз" деген сияқты шектеулер кездеспейді. Интернет дәл қалай істеуі керек, солай істейді.
Америкаға келгелі кофе ішу күнделікті әдетке айналды. Бірақ латте, капучино емес – кәдімгі қарапайым американо.

Nespresso Vertuo Espresso Machine by DeLonghi - Red
Үйде Nespresso кофемашинасын қолданамыз. Оның pods-тары аса қымбат емес – біреуі салықты қосқанда шамамен $1-1.5 тұрады. Ал көшеден дайын кофе алсаң, ең кемі $3-5 арасында, әрі оның дәмі мен сапасы қандай болатынын бір Құдай біледі. Сондықтан үйде жасап ішкен әлдеқайда тиімді әрі дәмді.
Кофе құятын термосым бар. Таңертең үйден шыққанда соған құйып аламын да, күні бойы ішіп жүремін. Қызығы, термос температурасын өте жақсы ұстайды. Оның үстіне, кезінде бір университет сыйлаған, кофе құюға арналған ыдысым бар – соған құйып ішемін.
09, Жексенбі
Бүгінде мен екі телефон ұстап жүрмін: бірі – АҚШ-та қолданатын телефон, екіншісі – Қазақстанда қолданған телефоным, ол Америкада істемейді екен. Қазір Америкадағы телефонымнан барлық әлеуметтік желілерді өшіріп тастадым.
10, Дүйсенбі
Бүгін Америкаға келгелі жеке апталық табыс рекордымды діттеген нәтижеге жеткіздім! Жақында ұстана бастаған стратегиямның тиімді екенін көрсетті. Енді осы нәтижені сақтап, оны одан әрі жақсартуға тырысамын.
30, Жексенбі
Мына сайтты жеке серверіме көшіріп әлекпін. Оңай іс емес екен. Енді бұл сайт бұрынғыдай "shared hosting"-де емес, ал менің жеке хостиңімде жарияланған. Интернеттегі тәуелсіздігіме бір қадам.
Мына абзацты телефоннан жарияладым. Норм ба?)
Поштамды қостым, енді ескі хаттарды көшіру керек шығар деп қоямын. А так міндетті емес.
31, Дүйсенбі
Бүгін тағы бір үйге қонаққа бардық. Керемет күн болды.