codingPath - 9

Елдар Құдайбергенов • 04.04.2024

Соңғы постта жазған проблемамды алдыңғы күні түстен кейін психологыммен талқыладым. Жағдайым кәдімгідей жақсарып қалды. Сессиямыз 3 сағатқа созылды. Көп нәрсенің басы шешілді. Бөлісе алатындарымды төменге жазып қойдым.

Мен бағдарламалауды жұмысқа тұру үшін емес, өзім ойлап тапқан жобаларды іске асыру үшін үйреніп жатыр екенмін. Сессия барысында менің бағдарламалауға қатысты мақсатым осылай айқындалды. Бұған дейін бейсаналы түрде "бағдарламалауды үйрену мақсаты - жұмысқа тұру" деген шешіммен жүріппін. Бағдарламалаушы ретінде жұмыс шықса мен істей беремін, бірақ жұмысқа тұру мен үшін міндетті емес, оны әдейі (қазір) іздемеймін, ол жұмысты табу үшін "жыртылмаймын".

Бастауыш бағдарламалаушылардың дерлік бәрі, ал кәсібилердің көбі кездесетін басты проблема - жұмыс табу. Естуімше қазір junior ретінде жұмыс табу - аңыз, мүмкін еместің маңы. Сол үшін олар өздеріне жалған тәжірибе, жыл өтілін қосып алады-мыс. Ең мықты деген ақылы курстардан өткен адамдар ұзақ уақыт бойы жұмыс іздейді екен. 100, 200 компанияға түйіндеме жіберіп 0 жауап алу норма дегенді де естідім. Жалпы бұл салада қазір жұмыс аз сияқты. Жұмыс іздеу сайтында бастауыш бағдарламашыға бір орын пайда болса, оған жүздеген адам өтінім бергенін көру біртүрлі нәрсе.

Меніңше оқу барысында жұмыс туралы ойланудың, оған қатысты қобалжудың қажеті жоқ.