codingPath - 2

Елдар Құдайбергенов • 20.11.2023

13-20.11.2023

codingPath постары кейде күнделік сияқты, кейде шолақ болса айып етпеңіздер. Бұл постар топтамасын мен алдымен өзім үшін жазамын. Егер сіздерге де пайдалы болса тек қуанамын. Мен бағдарламалау арқылы өзімді зерттеймін. Жалпы адам кез келген іспен айналысқанда осылай деп ойлаймын.

Мен бағдарламалауды не үшін үйреніп жатырмын? Тек теңге үшін бе? Ол әрине бар, бірақ тек қана ол үшін емес. Жалпы бұл мен үшін бұрыннан бері бағынбай жүрген белес. Екіншіден, мен ойластырған жобаларымды өзім іске асырғым келеді.

Дүйсенбі

Бүгін психологыммен бағдарламалауды үйрену тақырыбында екі сағаттан аса сөйлестік. Тақырып терең, бір сессиядан кейін бәрі керемет болып кетпейтіні анық. Бұл жалпы кез келген тақырыпты жақсылап талқылау кезінде болатын жағдай. Бірақ түбі бәрі жақсы болатынын түсіндім.

Бүгін CSS бойынша 6-шы тапсырманы түсінгенімше орындадым. Бірақ бұл тапсырманың берілгенін дұрыс түсінбегенімді сезіп, The Odin Project-тің дискордынан тапсырманың егжей-тегжейін түсіндіруін сұрадым. Шынымен мен кішкене дұрыс түсінбеппін, мен бұл тапсырманы алдыңғылары сияқты стильдерді өзгертуге бағытталған екен деп қалыппын. Сөйтсек стильдер өзгеретініне қарамастан, мәселе каскад бойынша жыттығу да екен. Әзірге маған каскад туралы негізгі білім жеткілікті. Керек кезінде тереңдетіп оқып алармын.

Осы сабақ бойынша екінші тапсырма: алдында жасалған мәзірді CSS көмегімен әрлеу. Барып аз-маз ойнап көрдім, негізінен қызық нәрсе. Қазір интернетте дайын стильдер, шаблондар көп деуге болады. Мен оларды оқып, өз керегіме қолдана алсам болды емес пе? Мысалы, Transcribe.kz-тің "дизайнын" жасауға Bootstrap-ты қолдандым. Егер менің мақсатым шаблон жасаушы, не тек қана фронтендпен айналысатын маман болу болса әңгіме бөлек. Сондықтан менің мақсатыма қазіргі деңгейім жеткілікті деп ойлаймын. Ертең келесі сабаққа кірісемін.

PS. Барып сабақ жоспарын көріп келдім: CSS әлі біраз уақыт үйренеді екенбіз. Бұл CSS-ті түсін, қабылда, үйрен, қолдан, меңгер деген сөз.

Сейсенбі

Баламыз жазылып боп қалды деуге болады. Енді біздің Роза екеуіміздің кезегіміз келгендей. Біз баламыз сияқты қатты ауырмадық, бірақ жұмыс істеп, сабақ оқуға әлім жетпеді. Сөйтіп апта соңына дейін еш сабақ оқи алмадым.