codingPath - 1

Елдар Құдайбергенов • 13.11.2023

06-12.11.2023

Жексенбі күні керемет жетістікке жеттім. Мен осы сайтты толығымен жасап шықтым. Осыдан бірталай жыл бұрын Рахимнің сайты статикаға ауысқанын көргенде, ол маған қатты ұнаған. Одан бері сайтымның статикалық түрін бірнеше рет жасап көрдім, бірақ мен ойлағандай нәтиже болмады. Себебі, меніңше жалпы бұл құрылым қалай істейтінін түсінбегендігімнен болар. Қаншама видео мен нұсқаулықтар бойынша жасағаныммен, нәтижесі менің көңілімнен шықпады.

Ең алдымен мына постта жазғанымдай Git-пен жұмыс істеп үйрендім, ал ол үшін командалық жолды үйрені керек. Сосын Github Pages қалай жұмыс істейтінін білдім. Осыларды азды-көпті меңгерген соң ғана менің назарыма Docusaurus түсті. Мен оны локалды іске асыра алсам да, Github Pages-ке деплой жасағанда проблемалар көп болды. Мәселені мына видео шешті. Енді бәрі ойдағыдай істеп тұр.

Дүйсенбі

Бұл күні кодиңге уақыт бөле алмадым. Ертеңгісін Сәбит Жақсылықов қатысқан Balqaimaq-тың эпизодын түсірдік. Түсте жаттығу залына бардым. Тренермен бір сағаттай жұмыс істедік. Үйге келіп тамақтандым. Бір мызғып алайын деп жатқаным сол екен, баланы бақшадан алу уақыты келіпті. Бұл кодиңді бала ұйықтағанша ұмыту деген сөз.

Негізі күндіз бір мызғып алған жақсы, бірақ ұзақ ұйықтап қойсаң терең түнге дейін ұйқы жоқ. Түнге таяу осы сайтқа қатысты жұмыстарымды істеп ертерек жатуға тырыстым. Ұйқым келмеді. Төсекке жатып кітап оқыдым. Шамамен жарты сағаттан кейін көзім іліне бастады. Бірақ ары қарай дұрыстап ұйықтау бұйырмаған екен - баламыздың ыстығы көтерілгенін көрдік. Содан ем-домын жасап болғанша таңғы беске таяды. Бала ертең балабақшаға бармайтынын түсініп, оятқыштың бәрін сөндіріп ұйықтап кеттік...

Сейсенбі

Жоспар бойынша Мадина Шариповамен кездес іп UpWork туралы сөйлесуім керек еді. Мақсат Подкастиң орталығын әлемдік нарыққа шығару. Алдымен аудиоредактурамен айналысамыз деп отырмын. Бірақ кеше оятқыштың бәрін өшіріп тастаған соң, біз сағат онға таман ғана ояндық. Дереу Мадинаға хабарласып, жағдайды түсіндіріп едім, ол тағы күте алатынан айтты. Discovery Coffee-дегі кездесу сағат онда емес, он бірде басталды. Содан екі сағат ұзақ әңгіме айттық. Екеуіміздің бір-бірімізге маман ретінде әкелер пайдамыз мол екенін түсіндім. Алдағы аптада Мадина менен сұхбат алатын болды. Мадинаны шығарып салып, мен сол жерден таңғы асымды іштім: тауық еті мен саңырауқұлақ қосылған Патша омлеті, Испан чизкейкі және Ташкент шайы әдемі кетті.

Әдетте кофеханаларда адамдар абыр-дабыр сөйлесіп, музыка ойнап тұрғандықтан жұмыс істеу қиын. Ал музыканың үстіне музыка қосу біз күткеннен кері әсер береді. Шешім - "white noise" қосу, оның түрі көп. Маған мына нұсқа жақсы көмектеседі.

Енді оқуға кірісуге де болады. Бүгінгі бірінші сабақ "Working with Text" деп аталады мен оны жетік меңгергенмін. Сондықтан бір қарап шыға салдым. Бұл HTML-де мәтінмен жұмыс жасаудағы негіз (base).

Содан кейінгі сабақты да мен жақсы білемін - Lists. Сондықтан мәтінін оқып шықтым да, GitHub-та арнайы репозиторий ашып, осы сабақтың тапсырмасын орындап, сол жерге жүктеп қойдым.

Мен жақсы білетін тағы бір сабақ "Links and Images". Сабақты тез-тез қарап шығам ғой деп ойлағанмын, бірақ шамамен 45 минуттай отырдым. Уақыт көбіне қосымша материалдармен танысуға кетті.

Бұрын көп мән бермеген HTML-дегі a тегінің href атрибуты hypertext reference дегеннің қысқартылған түрі екенін білдім де, файлға сілтеме жасағандағы ../ деген жазумен ./ дегеннің айырмашылығын жақсылап түсініп алуға тырыстым. Кейде бәрін дұрыс жасап осындай қарапайым қадамдар жұмысты тежеген кездер болған.

Кешке йога. Йога оңай дегендер онымен айналыспағандар дер едім.

Сәрсенбі

Роза жұмысқа қайта шыққалы менің жұмыс күндері әр таңым баланы бақшаға апарумен басталады. Содан кейін барып өзімнің үйреншікті ісіме кірісемін. Бірақ бұл күн бала үйде қалды. Алдында көтерілген ыстығы біресе түсіп, біресе көтеріліп, қанды ішті. Оған жөтел қосылды. Әйтеуір бүгін түске таман жағдай жақсарған сияқты. Түсте баламен серуендеп келіп, ұйықтаттым. Енді кодиңге уақыт бөліп қоюға да болатын сияқты.

Бүгінгі сабақ "Commit Messages". Керемет сабақ. Қазір Git туралы жаңа нәрсе үйренсем қуанамын. Бұл құралдың кереметтігіне әзірге тоя алар емеспін. Өкініштісі сабақты аяқтап үлгермедім. Балам оянды. Демек енді ұйықтамайды деген сөз, ал кешке зал. Бүгінге кодиң осымен тәмәм.

Бейсенбі

Баламыз әлі үйде. Бүгін онымен Роза қалады, ал мен кітапханаға барып жұмыс істеп қайтатын болдым. Бала кезімнен бері кітапхана деген бір кітаптар сақталып тұратын мұражай сияқты көрінетін еді. Сөйтсем бұл жұмыс істеуге де өте ыңғайлы жер екен. The Odin Project-тің сабақ оқуға болатын орындар туралы бөліміне осындай амал туралы pull request жасағанмын. Бұл жобаның ерекшелігі сол: кез келген адам оның оқу бағдарламасыны өзгертулер ұсына алады. Егер ұсынысты модераторлар орынды деп шешсе, ол баршаға ортақ оқу материалына қосылады.

:::tip[Идея]

The Odin Project, Full Stack Open сияқты подкастиңге арналған кітап жазу, курс жасау: ашық, тегін, көптілді.

:::

Бүгін кешегі сабақты аяқтап, осы курс аясындағы алғашқы жобама да жеттім: Project: Recipes. Бәрін оқып, жасап шығуға шамамен екі сағаттай уақыт жұмсадым. Әзірге түрі онша емес болса да, берілген тапсырманы толығымен орындап шықтым. Көп уақыт алғаны сол баяғы папкалар арасындағы сілтемелерді жасау болды.

Сабақтың соңында мына жазбаны тағы бір оқып шығуға кеңес берген екен.

Бағдарламалауды үйрену кезінде де, бағдарламашы болған кезде де оңай болмайтынын қабылдаңыз.

The Odin Project-тің бірталай мақаласын және сабақтарда берілген сілтемелерді қазақ тіліне аударса артық болмайды. Сайтымда қазақшаға аударуға тұрарлық кітаптар мен жобалар тізімін жинай бастадым. Кейін бір уақыт, жағдай болғанда кірісермін.

Жұма

CSS-ті аз-маз білетінмін, бірақ осыған дейін оған бір ден қойып қарамаппын. Дұрыстап зерттеп тастайтын кез келген сияқты.

Ертеңгісін бақшаға кеткен баламызды түске таман алып кетуге тура келді. Содан бүгінгі оқу уақыты сол баланы қараумен өтті деуге болады.

Сенбі

Біздің баланың ауырғаны созылып жатыр. Сондықтан білім алу мәселесі, жағдай түзелгенше бәсеңдейді. Түнде алты-ақ сағат ұйықтағандықтан, бүгін түстен кейін қалғи бастадым. Бұндай кезде кішкене мызғып алуға тырысамын. Ұйқының емі - ұйқы.

"Intro to CSS" сабағының жаттығуларын жасамас бұрын біртүрлі сезім болды: жаттығулар оңай болатынын түсініп тұрсаң да (бұл бастауыш деңгей ғой), істей алмайтындайсың ба, жоқ әлде бұл жаттығу істеуге тұрмайтындай ма... әйтеуір осындай бір түсініксіз жағдай. Қалай болғанда да, жаттығуларды істеп шығуды ұйғардым. Ендігі аптада осындай мәселелерді психологыммен талқылайтын болдық.

Жаттығуларды жасағанда перфекционизмге бой алдырмай тапсырмада берінгенді ғана жасау керек. Одан арғысы кейін жасалады. Бүгін үшінші жаттығуға дейін жасап шықтым, нәтиже мына бетте.

Жексенбі

Кеше баланы дәрігерге көрсеттік. Жағдайы біз ойлағаннан да күрделі екен. Сондықтан алдағы аптада да үйде болады. Бұл дегеніңіз жұмыс пен оқуға аз уақыт бөлінеді деген сөз.

Бүгінгі мәселе - кеше бастаған CSS бойынша жаттығуларды аяқтау. Оларды тез-ақ жасап шықтым. Әлі толық меңгеріп алдым деп айта алмаймын, бірақ осы сабақ бойынша негізгі ақпарат миыма орнықты деуге болады.

Осымен codingPath-тың алғашқысы тәмам. Болашақта бұл посттардың форматы өзгеруі әбден мүмкін. Мен қаншама жыл блогиң әлемінде жүрсем де, ұзақ уақыт бойы, толыққанды жеке блог жүргізіп көрмеген едім. Бұл менің ендігі алғашқы қадамым. Ұзағынан болсын!

Қызықты сілтемелер