Мүмкін мен бұл жұмысқа үйренбегендіктен болар, бірақ мен сіздерге айтайын: дәнекерлеушінің жұмысы өте ауыр екен. Зауыттың іші у-шу, шаң-тозаң; дәнекерлеуге кірісу үшін ғана бірталай экипировка кию керек - олар ауыр емес, ыңғайсыз. Нетсе сенің денең мен өміріңді сақтап қалатын киімдерді киіп алып қомпаң-қомпаң етіп жұмыс орның мен темірлерді дайындап тазалау керек. Содан неше түрлі темірлерді балқытып, біріне-бірін жабыстыра бастайсың. Осы кезде маскаң болуы міндетті. Әйтпесе дәнекерлеу кезінде бөлінген газдардан уланып қалуың мүмкін. Айтпақшы, дәнекерлеуді бастар алдында жұмыс істемек материалыңды дайындап алу керек.
Жұмыс барысында уақыт зымырайды (немесе біз әлі баяу жұмыс істейміз), қарның ашқанын, шаршағаныңды сезбейсің. Тамақ демекші түскі асты сол жерде береді. Біздің жоба бойынша оқып жатқандарға тегін, ал сол жердегі жұмысшалардың жалақысынан алады екен (3900 теңге деп естідік). Тамағы әжептеуір: сорпа, қою тамақ, салат, айран, кейде жеміс, нан мен қара шай. Бұны аз-көп деп айта алмаймын, әйтеуір өзім тойып қаламын. Айтпақшы ыдысы ана американдық киноларда түрмедегі адамдардың ыдысынан аумайды: отсек-отсекке бөлінген, біртұтас тот баспайтын қаңылтыр. Тамақты өзің аласың, сосын ыдысыңды апарып өткізесің.
Бұл жердің шайын алғаш рет ішкенде бірден интернат пен әскер есіме түсті. Асханалардағы шайдың несі бары маған беймәлім, бірақ әдетте дәмдері бірдей болатыны таңғалдырады. Су қайнататын дыстары бірдей ме, сондай бірдаңе. Мүмкін шығаратын шайлары бірдей шығар?
Зауытқа бірінші рет кіргенде баяғы зауыт жұмысшылары туралы сериалда жүргендей сізіндім. Артық әңгімесі жоқ, қарапайып адамдар өз жұмысын істеп жатыр. Олар зауытта еңбектенетініне мақтанатындай көрінді. Сосын жастар мен 50-ге таяп қалған адамдарды бір цехта көрсем күллі бір уақыт машинасымен саяхаттап жүргендей боламын. Ана жас жігітке "Оң жағыңа қара. Бұл болашақ сенсің" дегім келеді. Әрине бұл менің призмам, бірақ бұл ерекше әсер болды.
Бүгін бір фактіге назар аудардым: мен күнібойы телефоннан видео/аудио тұтынбаппын. Ертеңгісін адамға лық толы 64-ші автобуста ютуб қарау/тыңдау ыңғайсыз болса, ал кешке ондайға күш жоқ. Тіпті әкімшілік толтыр деп жіберген онлайн форманы да автобуста отырып аяғына дейін толтырып үлгерместен ұйықтап кеткен кезде болды. Біздің тәжірибе 64-тің жүру жолының ендігі бір етегі болғандықтан оның ішінде әрдайым орын болады. Автобусқа кіресің, QR арқылы төлеп отыра кетсең болды көз ілінеді. Оянсаң үйге жетіп қалғансың, автобус адамға толы.
Кейде тәтті ұйқыңды жол ақысын төлегеніңді тексеретін қызметкерлер бөледі. Әдетте менің ұйқым ашылып кетеді. Одан әрі ұйықтай алмаймын. Сөйтіп бақырайып отырып үйге дейін келесің. Ал үйде басқа тіршілік.
Иә, соңғы кезде подкаст тыңдағаннан гөрі ютубты көбірек қарап жүрмін. Оның себебін кейін түсінесіздер. Әзірге осылай. Сол себепке байланысты да әлеуметтік желілерге (алты айлық детокстан кейін) қайта кірдім.
Кеше тәжірибеміз аяқталды. "Дәнекерлеуші" деген куәлікті алу үшін емтихан болды. Енді мұғаліміміз біздің тапсырған жұмысымызды тексеріп "III-раздятты дәнекерлеуші" атағына сәйкеспіз бе, жоқ па соны анықтайды. Бәрі жақсы болса ендігі аптада куәлігімізді аламыз. Солай болсын.
Осындай жобаны ұйымдастырған адамдарға көп рахмет. Жоба туралы толық ақпарат joltap.kz сайтында.