ProxyFeed – подкастерлерге арналған кішкентай революция

03.05.2025 • Елдар Құдайбергенов

Соңғы уақытта бұл блог, подкаст және әлеуметтік желілер тынышталып қалғаны рас. Бірақ негізінде жұмыс қайнап жатыр. Шамамен бір ай бұрын подкасыма қарапайым сайт жасадым — сол кезде RSS-арнасы өзгеріп кетті. Бұл подкаст әлеміндегі әбден таныс проблема: подкаст хостиңін ауыстырсаң, RSS-арнаңның сілтемесі де өзгереді. "301 redirect" қосуға болады, әрине, бірақ ол да 100% кепіл бола алмайды.

Сол үшін өзіме осы проблеманы түбегейлі шешетін бір құрал жасап шықтым. Ол подкастымның сайты жасап берген RSS-арнасын қабылдап, оны тұрақты әрі жылдам сілтеме арқылы таратады. Енді хостиңді қанша ауыстырсам да, подкастымның RSS-арнасы өзгермейді. Оның үстіне, бұл құрал RSS-арнаны жетілдіре алады – мысалы, Podcasting 2.0 тегтерін қосып, қосымша функционал береді. Жоспар көп, болашақ үлкен.

Бұл идеяны мен Қазақстанда жүрген кезімде-ақ ойлап тапқан едім. Бірақ ол кезде білім де, тәжірибе де, батылдық та жетпеген сияқты – жоба жай талқылаудан аспай қалды. Ал АҚШ-та жүргенде бұл жобаны енді жүзеге асырмасам болмайтынын түсіндім. Алдымен өзім үшін жасап алдым, кейін оны бар подкастер-достарға да қолжетімді еткім келді. Сөйтіп оны ProxyFeed деп атап, бөлек жоба ретінде дамыта бастадым.

Жалпы жоба дайын деуге болады: қазір кез келген подкастың RSS-арнасын қолданушының субдомені арқылы тарата аламыз. Кіріс RSS-арна өзгере береді, ал шығыс мекен тұрақты. Көптен келе жатқан идеямды техникалық жағынан іске асыру – мен үшін үлкен жетістік.

Жақын арада бұл жобаны подкастерлер қауымдастығына ұсынғым келеді. Кімге керек болса – қолдана берсін. Негізгі функционал тегін болады деп отырмын. Шынымды айтсам монетизация жоспары жоқ, бұл менің жеке өзімнің проблемамды шешіп тұрған құрал, соны басқалармен бөлісіп отырмын. Әзірге ұстап тұрған бірнеше баг бар. Соларды реттесем, алғашқы қолданушыларды қабылдай бастаймыз.

Терминдер мен сілтемелер: