Адамның интернеттегі тәуелсіздігі

11.03.2025 • Елдар Құдайбергенов

Соңғы 10 жылда қазақстандықтардың басым бөлігі толықтай орталықтандырылған интернетке тәуелді болып қалды. Бірақ меніңше, адам тек офлайнда ғана емес, интернетте де тәуелсіз болғаны абзал.

Бұл тәуелсіздік жеке, өз атыңызға тіркелген домені бар сайттан басталады. Одан кейін сол доменге байланған электронды пошта, өзіңіздің жеке серверіңіз, т.с.с. кете береді. Маған сенсеңіз, өзіңіздің деректеріңізді өз серверіңізде сақтау – әлдеқайда қауіпсіз әрі сенімді. Оны жасау бұрын да оңай болған, ал қазір жасанды интеллект құралдарының дамуының арқасында тіпті қарапайым нәрсеге айналды.

Мысалға мынандай жағдайды ойлап көріңіз. Дәл қазір мен заңға толық сәйкес келетін, бірақ біреуге ұнамайтын нәрсені жазсам, техникалық тұрғыдан мені кім тоқтата алады? Бұл – аккаунтыңды бұғаттап тастайтын немесе өшіріп жіберетін орталықтандырылған әлеуметтік желі емес. Бұл – менің жеке сайтым. Мұнда тек менің фантазиям мен қабілетім ғана шектеу.

Орталықтандырылған платформаларды жалға алып тұратын пәтер, жеке сайт – сіздің интернеттегі жеке үйіңіз.

Әлеуметтік желілер – жалдап тұрған пәтеріңіз сияқты. Иесі (платформа) ережелерді өзгерте алады, сізді кенеттен шығарып жіберуі мүмкін немесе сіздің контентіңізді шектей алады. Кейде сізге белгісіз алгоритмдер жазбаңызды ешкім көрмейтіндей етіп, сізді жасырып, көзге көрінбейтін етіп қояды. Сіз барсыз, бірақ сізді ешкім көрмейді, естімейді.

Ал жеке сайт – өз үйіңіз. Мұнда сіз өз ережелеріңізді орнатасыз, деректеріңізді толық бақылайсыз, ешкім сізге қалай өмір сүру керектігін артпайды.

Интернетте нағыз тәуелсіз болу – өз сайтыңыздан, өз серверіңізден және жеке поштаңыздан басталады. Бұл – цифрлық әлемдегі шынайы еркіндік.

Міне бұл сайт, ішіндегі блогпен басқа да бөлімдері менің өмірімде осындай орын алып отыр.