Лос-Анджелестегі көлік жүргізу мәдениеті

10.03.2025 • Елдар Құдайбергенов

Лос-Анджелесте көлік айдап жүргенде түрлі қызықты нәрселерді байқайсың. Әсіресе, жүргізушілердің белгілі бір әдеттері әсер қалдырады.

Бұрылыс белгісі қолданбау

Маған қатты әсер еткендердің бірі – жүргізушілердің бұрылыс кезінде сигнал (поворотник) қоспайтын әдеті. Әрине, барлығы емес, бірақ көбі дер едім. Кейде ыңғайына қарай қосады, кейде тіпті ойларына да кіріп шықпайтындай көрінеді.

Қиылыстарда күтпеген жағдайлар болады. Мысалы, мен бірінші қатарда тұрмын. Қарсы жақтан келе жатқан көлік бұрылыстың белгісін қоспаған соң, ол түзу жүретін шығар деп ойлаймын. Бағдаршам жасыл жанғанда, мен оны өткізіп барып, солға бұрылуды ойлап тұрмын. Бірақ әлгі көлік 3-5 секундтан кейін барып, кенеттен бұрылатынын білдіреді. Оның артында тағы бір көлік бар, ол да оны күтуде, себебі алдыдағы көлік түзу жүреді деп ойлаған. Егер ол бастапқыда бұрылатынын көрсетсе, артындағы көлік басқа жолаққа ауысуы немесе басқа әрекет жасауы мүмкін еді. Мен де ешкімді күтпей бірден солға бұрылар едім.

Кейде көшенің қақ ортасында бір көлік тоқтап тұрады. Оның ары қарай не істейтіні белгісіз. Сен оның қозғалатынын күтіп тұрсың, ал ол жай ғана тұрып алады. Кейде мүлде ешқандай белгі бермейді, бір кезде ғана аварийкасын жағады немесе кенеттен жылжи бастайды.

Кейде көлік кенеттен алдыңа шыға салады. Олар «бұрылыс белгісін жақпай-ақ бұрылысты жасай беруге болады» деген оймен жүретіндей. Бұған да үйреніп қалдым. Тіпті, полиция көліктерінің өзі бұрылыс белгілерін сирек пайдаланады.

Жол ережесін бұзу

Америкада, әсіресе Лос-Анджелесте, барлығы 100% жол ережесін қатаң сақтайды деп айта алмайсың. Егер жол ережесін бұзуға мүмкіндік болса, кейбір жүргізушілер оны бұза салады. Қызыл бағдаршамда двойной сплошной сызықты кесіп өтетіндер, қарсы жолаққа шығып кететіндер, белгіленген жылдамдықтан 10-15 миль жоғары айдайтындар көп. Мен де кейде нетіп тұратыным бар...

Қызыл жарықта оңға бұрылу

Америкада қызыл бағдаршам жанып тұрса да, оңға бұрылуға рұқсат етілген. Бірақ бұл міндетті емес, жүргізуші өзі шешім қабылдайды – бұрылады ма, жоқ па. Алайда, кейбір жүргізушілер бұрылмай тұрғандарды қысып, сигнал беріп, «бұрылуың керек» деп асықтырады. Бұл қауіпті болуы мүмкін, өйткені кейбір жағдайларда бұрылмау әлдеқайда қауіпсіз.

Мен өзім жолда қауіпсіздікті сақтағым келеді, сондықтан кейде қызыл жанғанда оңға бұрылмай, жасылды күтемін. Бірақ кейбір жүргізушілер бұлай істесең, түсінбей, сигнал беріп, ашуыңа тиіп, асықтырып жатады.

Біз қазір тұрып жатқан Даунтаун көшілерінде тұрақ аз демесе, Лос-Анджелесте көлік жүргізу ыңғайлы. Жолдар кең, түсінікті, үлкен хайуейлер бар. Қазақстаннан келе сала көлікке отырдым да бірден жүріп кеттім.