Ұйқыға тез кетуімнің сырлары

10.03.2025 • Елдар Құдайбергенов

Роза маған жиі айтатын тағы бір нәрсе бар – менің ұйқыға өте тез кететінім туралы. Ол үнемі: "Сен жастыққа басың тисе болды, бірден ұйықтап кетесің!" – дейді.

Шынында да, көбіне солай. Бірақ әрдайым емес. Кейде ұйықтай алмайтын кездерім болады. Менің тез ұйықтап кетуімнің өзіндік "сырлары" бар.

Егер күндіз физикалық немесе менталдық тұрғыда жеткілікті деңгейде шаршасам, кешке ұйықтау әлдеқайда жеңіл болады. Мен бір нақты позада ұйықтаймын деп айта алмаймын, бірақ өзіме ыңғайлы поза тапсам, ұйқыға тез кетемін. Кейде сол жағыммен жатамын, сосын оң жағыма ауысамын – осылай ең қолайлы позаны табуға тырысамын. Егер ұйықтап бара жатып, 5-10 минуттан кейін қайта-қайта қозғалсам, демек, әлі де дұрыс позаны таппағаным. Әдетте, екі-үш рет бұрылғаннан кейін ең ыңғайлы поза тауып, ұйқыға кетемін. Егер 15-20 минут өтсе де, ұйықтай алмасам, кейде төсектен тұрып, қысқа уақытқа басқа нәрсемен айналысып, содан кейін қайта жатамын.

Осы қарапайым әдеттерді сақтасам, түнде жылдам ұйықтап, таңертең сергек оянамын.