Соңғы аптада кодиңге, оны оқуға дым қарамадым, қарағым келмеді, қарай алмады да. Неге бұлай екенін нақты түсінбедім.
Шаршау
Биыл ауыз бекіткенмін. Ауыз бекіту уақыты шамалы ыңғайсыз. Қазір таңғы 4:30-ға дейін болу керек. Бұндай стресске алдын ала дайындалмаса қадалып қалу оңай екен. Демалыс күндер болса да біз дұрыстап демела алмай жүрміз. Мүмкін осы да себеп шығар.
Ноутбугім ойымдағыдай істемей жатыр
Бес жыл бойы жалпы алғанда мүлт етпей қызмет еткен Macbook Air деген ноутым осыдан 3-4 күн бұрын сыр бере бастады. Tab, Caps Lock, Fn (function) деген жиі қолданатын батырмалар істемей қалды. Мәселені шешу үшін істемегенім қалмаған шығар - нәтиже жоқ. Қазір толық бэкап жасап жатырмын, сосын OS-ты қайта орнатпақшымын. Мүмкін осы көмектесіп қалар.
Мактарда тілді Caps Lock-ты шертіп ауыстырады. Өте ыңғайлы. Мен қазақ тілінде пернетақтаға қарамай жазамын, жылдамдығым едәуір жақсы. Ал енді тіл ауыстыру керек болған сайын мен тоқтап, тіл ауыстыру тетігін тінтуірмен тауып, оны екі рет шертіп барып қана ары қарай жалғастыра аламын. Қиын.
Одан кейін пернетақта баптауларында F1-F12 батырмаларында орналасқан ноуттың функционалдарын Fn-ды баспай-ақ істететін баптау бар. Әдепкіде бұл бап қосылып тұрады. Сондықтан, мысалы, дыбысты көтеру немесе түсіру үшін Fn батырмасын баспай-ақ, бірден F11, не F12 деп баса салуға болады. Бірақ! Фронтендпен айналысқанда бұл функционалды батырмалардың өзіндік қызметтері бар. Демек менің пернетақтам әдепкі баптауында тұрса, Developer Tools-ты ашу үшін F12 емес, Fn+F12 деп басу керек.
Мен осы баптауды бірнеше рет қосып, өшіргенмін. Мәселе осыдан басталды деп ойлаймын.
Қалай болғанда да құралың дұрыс істемесе бұл оқу барысына әсер етеді.
Оқу және апатия
Мен бұл жолды шынымен қолға алайын деп шешкенім Tech Orda-дан басталған. Одан бері жылдан аса уақыт өтті. Оқуым мен ойлағаннан әлдеқайда ұзарып кеткен сияқты. Қашан қарасаң мен сол кодтауды оқып жүремін. Бұндай жағдай өзіңді де біршама шаршатады. "Бұл қашан аяқталады? Бұл оқу оқуға тұра ма, әлде бұл уақыттың бос кетуі ме?" деген сияқты ойлар кейде мазалап тұрады.
Содан мен соңғы аптада бір де бір жол код жазбадым. Соның неге екенін түсінгім келіп осы мәтінде жазып отырмын. Бұл уақытша кідіріс болса екен деп үміттенемін. Бұл кідіріс бір апатия сынды реакцияға алып келді. Осы жолда дым оқымағандай, ештеңе үйренбегендей, ештеңе істей алмайтындай көрінеді.
Мен бұл оқуымды тым жоғары бағалап жіберген сияқтымын. Кішкене ғана нәрсені түсінбей қалсам болды, бәрі бекер дегендей, не мен оқығандарымның бәрін бірден түсіне кетуім керек сияқты. Бірақ әрдайым осылай бола бермейді екен. Кейде жаңа концепцияны түсініп, онымен жұмыс істей алу үшін уақыт керек екен.
Маған қазір "осылай білім алу, бір нәрсені ұзақ үйрену - норма" дегенді қабылдауым керек сияқты. Оқу керек нәрсе өте көп, ал уақыт жоқ сияқты көрінеді. Бұндай кезде ми оқудан ютубқа қашады. Ютуб оңай, түсінікті, қызық, ыңғайлы болса; оқу қиын, түсіну уақыт пен күш алады және әдепкіде қызық емес, онымен өзіңді қызықтыра алу керек. Бірақ нәтижесін қарасақ: ютуб қарау даму нөлдің аясы, ал оқу қай жағын алып қарасаң да пайдалырақ.
Осындай кездерде мен осыған дейін осы білімсіз-ақ өмір сүріп келгенімді ескермейді екенмін. Әрине бұл біліммен менің өмірімнің сапасы өседі, бірақ оқымасам мен құрып кетпеймін ғой?
Осы сұрақты шешу үшін психологыма хабарласатын уақыт келген сияқты...
Соңғы пост
Айтпақшы бұл жағдай осы тег бойынша соңғы постты жариялаған соң басталғандай болды. Қызығы мен ол постта тура осындай жағдайға түскенде не істеу керегі туралы жазыппын.