2023-тің соңында Алматыдан келдік. Содан кейін неге екені белгісіз оқу, фитнес туралы ойлай алмадым да. Олар туралы тіпті ұмытып кетіппін. Отбасымызда бәріміз ауырып, шамамен он күндей мүлде ештеңе істей алмадық. Қазір нақты түсінгенім: қалай болғанда да оқуды жалғастыру керек.
freeCodeCamp × The Odin Project
freeCodeCamp беттеріндегі The Odin Project сабақтарың өтіп болдым. TOP-тың өзінде осы Flexbox-қа келіп тоқтағанмын. fCC жақсы болды. Ол жерде сабақтар түсініктірек сияқты.
Қуаныштарымның бірі freeCodeCamp-ке екі рет pull request жасадым. Екеуі де қабылданды. Енді өзімді freeCodeCamp контрибюторымын деп айта аламын :-)
Flexbox Froggy деген ойынды ойнап тастадым. Қызық екен.
Кодіңді үйрену жолындағы ойлар
Кодиңді үйренгенде ең бастысы оқуды ұзаққа тастамау керек екен. Ары кетсе 1-2 күн үзіліс алуға болады. Одан көп болса оқуды қайтадан басынан бастау керек болады. Содан кейін кейбір нәрселерді түсіну қиын болса да қайтпау керек екен. Сол нәрсені неше түрлі жолмен түсінуге тырысу керек екен. Қайтпасаң түбі түсінесің. Ізденісің қаншалықты ұзақ болса, әлгі нәрсені түсінуіңіз де соншалықты терең болады.
Алдыңғы тақырыптарды жеткілікті деңгейде түсінбей тұрып алға басудың дым қажеті жоқ. Тақырып ары қарай күрделене түседі, демек түсінбеу деңгейіде өседі деген сөз. Сондықтан қаншалықты тез оқу керек болса да асықпай оқыған жөн. Сонда нәтиже болады. Әйтпесе бәрібір басында түсінбеген тақырыпқа оралуға тура келеді. Өйткені тура сол түсінбеген тақырып айналып келіп алдыңнан шыға береді, шыға береді.
Мысалы, мен Introduction to Flexbox деген сабақты және сол сабақтың Flexbox деген тапсырмасын дұрыс түсіне алмадым. Өзімді қинап оқып шықсамды болмады. Себеп: оның алдындағы The Box Model деген сабақ дұрыс оқылмаған. Салдары: Flexbox-ты тереңірек түсіндіретін Growing and Shrinking деген сабақтың кіріспесін де түсіне алмай отырғандықтан, алдында түсінбеген сабақтарды қайта өту керек.
Сөйтсем мен өзім ойлағаннан да кейінірек қайтуым керек екен. Қайтадан артқа барып CSS Box Model-ден бастадым. Оқып келе жатып автордың мынандай сөзі менің өстіп артқа оралғанымның неге дұрыс екендігін түсіндіретін абзацын кездестірдім:
the limited nature of floats makes them a gentler introduction to CSS layouts than Flexbox. Instead of being overwhelmed with all the possibilities of Flexbox, we’ll get a chance to focus more on the process of building up a sophisticated web page layout.
Мен уеб-бағдарламалау тақырыбын ары-бері ақтарып жүргеніме бір жылдан асқанда алдыңғы жылы оқыған деңгейімді ойласам дым оқымаған сияқтымын. Мен шынымен зер салып оқыдым, бірақ тақырыптарды терең түсінбеген сияқтымын. Кім біледі мүмкін қазіргі оқу деңгейімді де бір жылдан кейін құнсыздандыратын шығармын. Мысалы, «ағылшын тілін түсінсем де оның грамматикасын сейкес деңгейде білмегенмін» деп. Әрине сол кезде сол деңгейде оқымасам, қазір мына деңгейде түсінбес едім деп ақтап қояйын өзімді. Бұл да рас емес пе?
Пайдалы шаралар
Қаңтардың бесінде Free Web Development Bootcamp басталды. Контенті өте оңай екеніне қарамастан осы буткемпті аяқтауға бел будым. Өйткені маған бірге оқитын коммюнити керек. Сосын жүргізушілер қатысушыларды керемет қолдайды. Ютубтарынан стримдерін қарап көрсеңіз мен не туралы жазып отырғанымды түсінесіз. Қазіргі интернеттегі бірін бірі жұлып жеп тұрған қауымдастықта адамды осы кісілер сияқты қабылдап, қолдай алу ерекше екен.
Сосын бұл буткемп біте сала екіншісі басталады. Ол JavaScript туралы болады да, fCC-дегі JavaScript Algorithms and Data Structures (Beta) деген бөлімді толығымен қамтиды. Ақпанның басында басталып Сәуірге дейін болады.