
Жұмыста жүргенде талай қызық нәрселерді көресің. Лос-Анжелістің әдемі жерлерін де, онша тартымды емес аудандарын да байқайсың. Түрлі адамдармен сөйлесесің, мекемелерді көресің. Әрине, ерекше қызықты оқиғалар күн сайын бола бермейді, бірақ ара-тұра кездесіп қалады.
Маған ең ұнайтын нәрселердің бірі – кейбір тұрғын үй кешендері мен көшелерде кездесетін шағын кітап алмасу орындары. Олардың ішінде кітаптар, журналдар және басқа да баспа материалдары жиналады. Бұл кітаптарды кез келген адам тегін ала алады немесе өз кітаптарын қосып кетуге болады.
Осындай жерлерді көрген сайын, кітаптардың жанында аялдап, 10-15 минут уақытымды бөліп, бір шолып шығамын. Маған, әйеліме немесе қызыма қызықты немесе пайдалы кітап бар ма екен деп қараймын. Бұл кітап алмасу орындарын американдықтардың өздері қаншалықты жиі пайдаланады – білмеймін. Әйтеуір қашан қарасаң да сөрелер толып тұрады.
Бүгін сондай кітап алмасу орнынан екі кітап алдым.
Біріншісі – Tim Moore деген автордың «I Believe in Yesterday» атты кітабы. Ол тарихи комедия жанрында жазылған екен.
Екіншісі – Images of America деген кітаптар сериясының «Manhattan Beach, California» деген кітабы екен. Авторы Jan Dennis. Ішінде көптеген суреттер мен олардың сипаттамалары бар екен.