Астананың шағын кофеханасында американоға тапсырыс бердім де, өзіме ыңғайлы орын тауып, күттім. Бірер минуттан кейін «Маленький американо с молоком готов» деген баристаның дауысы естілді. (Иә, Астанада американоға сүт қосады екен.) Мүмкін қазақша айтар деп кішкене күттім. Сәлден кейін американоның дайын екенін хабарлаған баристаның дауысы тағы шықты - орысша. Барып «Менен кассадан тапсырысты қазақ тілінде қабылдады. Енді сол тапсырысымды неге орыс тілінде жариялайсыз?» десем, Кирил саспай «Мне так удобно!» деп кесе салды.
Сол жерде біраз әңгіме айтылды. Кирилдің қазақша сөйлемейтіндігіне үш себеп табылды:
-
Ол қазақ тілінде сөйлей алмайды екен. Окей, неше түрлі жағдай болады, қазіргі Қазақстанда бұл таңғаларлық жайт емес, бірақ... «Кішкентай американо дайын» деп айту үшін қазақ тілін ғұлама деңгейінде білу қажет пе? Жоқ. Ынта болса 30 секундта үйреніп алуға болады ғой. Бұл жерден Кирилдің қазақша сөйлеуге әзірге тырыспағаны көрінеді.
-
Заңда орысша да айтуға болады-мыс. Бұл да ойлап тауып алған нәрсе екенін заңға жүгіне отырып көрсеттім.
-
Мен орысша сөйлей аламын, сондықтан оған қазақша сөйлемеуге болады-мыс. Содан Кирилге қайтадан заң туралы айтып бердім де, кейін біздің елге орыс тілі қалай келгенін білгенімше түсіндірдім.
Соңы: Кирил айтқанымның бәрін түсінгендей басын изеп қалды. Мен бұл кофейняға жиі келемін - олардың жалпы Қазақ тіліне деген көзқарасы қиын: кіре сала орыс тілінде «Здравствуйте!» деп қарсы алады; витринадаға бағалар орыс тілінде ғана; кофейнядағы барлық нұсқаулықтар тек орыс тілінде; т.с.с. айтсаң жалғаса береді. Тек қана экрандағы бағалар ғана қазақ тілінде.
Жалғасы: осы жағдайдан кейін Кирил маған мүлде сөйлемейтін болды. Қызметкерлер мені жақсы танып алған. Сондықтан мен ол жерге келгенде қазақша амандасып, қазақша тапсырыс алып, дайын болғанда қазақша хабарлайды.
Кейін бұл кофейня маған 10% дисконт картасын берді. Кейде қолданып жүрмін.
Жалғасы 2: кофейняға жаңа қызметкерлер келді. Олар мүлде қазақша сөйлемейді. Мен өтінішімді айта-айта шаршадым. Бұндай нәрсеге күшімді жұмсағым келмейді. Арнайы осы кофейня туралы пікір қалдырайын деп 2GIS-ке тіркелдім де, ⭑⭑⭒⭒⭒ деген баға қойып, былай жазып кеттім:
Амандасқанда, қоштасқанда; тапсырыс бергенде, тапсырыстың дайын болғаны туралы хабарлағанды қашан қазақша айтасыздар? Әрдайым орыс тілінде ғана. Қазақша айтуын сұрағанда да - орысша ғана. Кейбір қызметкерлер ғана, таңдаулы адамдарға ғана қазақша хабарлайды. Ал әдепкі тіл - орыс тілі. Тапсырысты қазақша алса да, хабарлауы орыс тілінде. Кафейня ішіндегі барлық жазулар мен хабарландыруларды да қазақшаға аудару керек.
Кофейня әкімшілігі басқа (орыс тіліндегі) пікірлердің бәріне жауап жазып, мына пікіріме ләм демеген. Құптамаған да, жоққа шығармаған да.