Амазон жомарт па, әлде есепшіл ме?

18.02.2025 • Елдар Құдайбергенов

Қазақстанда жүргенде де Амазоннан кітап алып тұратынмын. Көбіне подкастиң, сторителлиң туралы. Бірақ бағасы қымбат, келуі ұзақ болатын. Содан бір кітап әдеттегідей бір айда келуі керек еді, бірақ келмеді. Екі ай өтті. Амазонға кірдім де кітап келмеді деп жаздым. "Ааа бопты онда. Міне ақшасы" деп маған әлгі кітапқа кеткен ақшаның бәрін қайтарып бере салды. Мен "Ок" деп қоя бердім. Содан екі аптадай ма уақыт өткенде әлгі кітап маған келді. Сөйтіп бұл кітап маған тегін келгендей болды.

Енді Америкада ақысын төлесең болды кейбір кітаптарды тіпті бірнеше сағатта әкеліп бере алады. Алдында подкастиң тарихы туралы бір "кітапты" $12-ға сатып алдым. Оны "кітап" деп атау қиын енді. Ұнамады. Қайтарайын деп сайтқа кіріп жаздым. Сөйтсем бірнеше минуттан кейін маған "ақшаңызды қайтарып береміз, ал кітап сізде қала берсін" деген жауап келді. "Жарайды" деп қоя бердім. Кітаптың бағасы, сапасы оны қайтаратын ақыға тұрмайтын шығар деп қоя бердім.

Осыдан бірнеше апта бұрын бағдарламалауға қатысты бір кітапты бақандай $35-ға сатып алдым. Оқыдым, ұнады. Бірақ бүгін Лос-Анджелес кітапханасына тіркелдім. Енді жаңағы кітапты тегін ала аламын деп оны қайтармақшы едім. Мені таңғалдырғаны – олар тағы да ақшамды қайтарып, кітапты өзімде қалдырды... Бұл қалай сонда?

Маған ақшамды қайтарып, кітапты қалдырғанда, автор мен баспа үйі ақысын ала ма? Мүмкін, кітапты жарияламас бұрын, олар мұндай жағдайларды алдын ала келісіп қоятын шығар: "егер осындай жағдай болса, біз кітапты қалдырамыз" деп келіскен болар.

Егер Амазонның алпауыт екенін, ол үшін қазіргі кезде кітап сату бизнестің басты көзі емес екенін ескерсек, олардың клиентке мұндай жеңілдіктер жасауы таңғаларлық емес сияқты.

Әлбетте, бұл тәжірибе маған қатты ұнады. Егер қажет болса, тағы да кітап сатып аламын, өйткені Амазонның осындай қызметі маған 100% сенімділік береді.