Tag Archives: тәуелсіздік

Тәуелсіздік технологиясы

Подкастиңмен кәсіби айналысып жүрген үш жылда нақ түсінгенім, қазіргі таңда авторға немесе медиаға өз контентін ешбір шектеусіз таратып, аудиториясымен интернетте тәуелсіз байланыс орнатуға мүмкіндік беретін құралдардың бірі подкастиң екен.

Осындай тәуелсіздік – подкастиңнің түбегейлі принципі. Өйткені 22 жыл бұрын Адам Карри подкастиң идеясын көпшілікке таныстырып, ол идеяны Дэйв Уайнер RSS арқылы іске асырғанда, адамдардың интернеттегі тәуелсіздік деңгейі осындай болуы қалыпты болған.

Содан уақыт өте келе интернетте орталықтандырылған Фейсбук, Ютуб, Инстаграм сынды әлеуметтік желілер мен қызметтер кеңінен тарады. Енді автор, өз аудиториясы сол жерде шоғырланғандықтан, өз контентін сол әлеуметтік желінің қас-қабағына қарап отырып жасауға мәжбүр болды. Орталықтанған қызметтердің талаптарына сай контент жасамаса, оның аккаунты не бұғатталады, не жойылады. Автордан сұрамай, ескертпей, аккаунтын толығымен жойып жіберу жайттары қалыпты болып кетті. Менің ойымша, бұл – әділетсіздік, сөз бостандығына қарама-қайшы және автордың тәуелсіздігін шектейтін құбылыс. Олай болмауы керек. Автор не айтса да, не жазса да өз еркі. Егер заң бұзса, жауапкершілікке тартылып, оның мәселесін сот шешкені абзал. Әрине, бұл – идеалистік ұстаным, толығымен дәл осылай бола қоюы екіталай. Десек те, «олай жасай алмаймыз» деп қол қусырып отыра беру қаншалықты дұрыс?

Шешім: жеке сайт ашу, өз аудиторияңызды сол жерге шоғырландыру. Не жазсаңыз да, не жасасаңыз да, алдымен сол сайтқа салу. Мысалы, мына пост алдымен менің жеке сайтымда жарияланған, содан кейін барып басқа жаққа тарайды. Бұл постқа кім ықпал ете алады? Тек қана мен. Инстраграм, Фейсбук бұл постты жойса да, ол менің сайтымда әрдайым жарияланып тұрады.

Ендігі мәселе. Аудиториямен шектеусіз байланыс орнату. Әзірге оның екі жолын білемін:

  1. Электронды пошта
  2. Подкастиң

Мен әзірге электронды пошта тақырыбын жетік зерттеп үлгермедім, ал подкастиң туралы айтарым бар. Жеке хостиң арқылы таралатын подкастты ешкім шектей алмайды. Сайттың мекені бұғатталса да, оны басқа бір мекенге көшіру – бірнеше минутта шешілетін мәселе. Бір мекен бұғатталса, оның орнына бірден екеуін ашып қоюға болады. Шек жоқ. Автор подкаст бастау үшін еш жерде тіркелуі де керек емес, ешкімнен ешқандай рұқсат алудың да қажеті жоқ. Бұл жерде лицензия, сертификат, рұқсат деген әңгіме жоқ.

Қазіргі таңда подкастиңді жанр деп көрсету үрдісі – осындай тәуелсіз технологияның елімізде көпшілікке таралуын шектеп тұрған факторлардың бірі. Мәселені түсіне тұра «подкасттарына» RSS-арна жасамай отырған БАҚ-тар мен инфлюенсерлер бұл жағдайды ушықтырып отыр. Мұны біліп-білмей істеп отырғаны маған белгісіз.

Оның үстіне подкастиң орталықтандырылмаған технология болғандықтан, аудио десе музыканы ойлайтын біздің аудиторияға подкастқа жазылып, оны тыңдау қиын. Подкастиң әлемінде Ютуб сияқты орталық жоқ. Әр қосымшаның бөлек-бөлек подкасттар қоры бар, интерфейстері де әртүрлі. Сондықтан өзі қиын жағдайды, одан ары қиындатпай, ютубта “подкаст” жасап жүрген мекемелер мен адамдар тезірек RSS-арна жасаса деген ой. Ал жалпы алғанда, шешетін мәселе жетерлік. 

Авторға тәуелсіздік беретін технология бар – подкастиң. Ол 20 жылдан астам тарихына қарамастан істеп тұр және жетік дамыған. Ендігі мәселе, елімізде сол технологияны қорғап алып, оны қолдануды аудиторияға үйрету. Егер біз қазір подкаст деген сөйлесу жанры десек, біз осы әлеуметтік желі проблемаларының деңгейінде қала береміз. Ол дегеніңіз сол баяғы сөз бостандығының шектелуіне алып келеді.

Менің подкастиң үшін күресіп жүргенімнің бір себебі осы – автордың тәуелсіздігі. 

Еліміздің Тәуелсіздік күні құтты болсын!