Tag Archives: статистика

Ютубқа да жарияланатын подкасттардың парадоксы

Подкасттарын RSS-арна арқылы ғана таратып қоймай, видео нұсқасын ютубқа жариялайтын подкастерлер, әдетте қай жерде болмасын тек сол ютубқа ғана сілтемемен бөліседі. Мысалы, жаңа эпизод шыққанда да, подкастқа сілтеме бергенде де. Ал подкаст-тұғырлардың сілтемесін тыңдарман арнайы сұрағанда ғана береді. Сөйте тұра кейде бұл санаттағы подкастерлер «подкасттың аудио-нұсқасын көп адам тыңдамайды» деген ойымен бөліседі. Ол орынды. Мен осындай естігенде ол кісіге мынандай сұрақ қойғым келеді:

Бұрын соңды подкаст тыңдап көрмеген, оны қалай тыңдайтынын білмейтін адам, егер оған подкаст тыңдаудың жолдарын көрсетпесе, ол оны қайдан біледі? Қазақстандағы подкасттың потенциалды тыңдарманы әзірге подкаст тыңдауды білмейді, дағдыланбаған. Оларға альтернатива ұсынып, подкаст тыңдауды үйрету керек. Сонда аудитория болады.

Тыңдарманды ютубқа ғана тартпай, қосымша сілтемелерді беріп отыратын подкастерлер, подкаст-тұғырларда едәуір тыңдарман жинағанын айтады. Оны өзім де көріп отырмын. Мысалы, суретте көрсетілген Тимур Балымбетовтың статистикасын* қарап көріңіз.

Байқауымша мынандай цифрларды тіпті кейбір арналардың ютубқа салған видеолары да жинамайды.

Мен Тимурға сайт ашып, подкастына RSS-арна жасап бердім, ал ол өз аудиториясына подкаст тыңдауды, оған жазылуды көрсетті. Ол жұмысты әлі де жалғастырып келеді. Сөйтіп оның қазір ютубтан басқа жерде де, қосымша аудиториясы бар. Ойлап қарасақ Қазақстанда ютубтан контент тұтынбайтын, видео емес аудионы қалайтын адамдар да бар ғой.

Қазақстанда подкаст тыңдайтын аудитория бар және ол ауқымды. Жасаған контентіңізді тұтынудың басқа да жолы бар екенін көрсетіңіз, аудиторияңызға подкаст тыңдауды үйретіңіз.

*Статистиканы Тимурдың рұқсатын алып жариялап отырмын.