JavaScript бағдарламалау тілін меңгеріп жүрмін

Күзде веб-бағдарламашы мамандығын үйрететін офлайн-курсқа түскенімді QazPodcast-тың эпизодында айтқанмын. Сол курсты әлі оқып жүрмін. Шынымды айтсам, маған басында сабақ «қызық» болмады. Баяғы сол HTML, CSS дегендерді көрсетті. Ол көрсеткендердің бәрін мен бұрыннан білетінмін. Сабақта ішім пысатын еді. Осылай ары қарай жалғаса берсе, оқуды тоқтатам ба деп те ойлағанмын.

Бірақ екі апта бұрын жағдай өзгерді. Мен әлі жетік меңгермеген JavaScript бағдарламалау тілін оқуды бастадық. Сабаққа қызығушылығым оянып, әр сенбі-жексенбі күндері қуана баратын болдым. Курс басталғалы күткенім осындай сабақтар екен. Маған бір нәрсе ұнаса, мен сол салаға басыммен кіріп кететінім бар. Сөйтіп JavaScript-ке де кірістім. Осы постта сол жиған-түйгеніммен бөлісіп қояйын.

  1. freeCodeCamp деген сайт бар. Бағдарламалау туралы тегін онлайн-курстар. Ағылшын тілінде. Сабақтары мен тесттері ақылы курстардан кем емес. Мен өтіп жүрген офлайн-курстың сабақтарымен қоса, freeCodeCamp-тағы «JavaScript Algorithms and Data Structures» деген курсты бірге өтіп жүрмін. Сабақтары бірдей деуге болады. Офлайнда өткен тақырыптарды онлайнда шыңдап, онлайнда түсінбегенді офлайн сабақ беріп жүрген мұғалімнен сұрап аламын. Ыңғайлы. Бұйырса болашақта профилімде сертификаттарым жарияланады.
  2. JavaScript-тің орындалуын браузер консолінен қарағаннан әзірге programiz деген қызмет жақсы көмектесіп жүр.
  3. Мен сабақ алып жүрген мекеме code21 деп аталады. Егер Астанада веб-бағдарламашы курстарын іздесеңіз, осы кісілерді қарастырып көріңіз. Ескерту: сабақтар әзірге орыс тілінде. Сұрағанымда болашақта қазақ тілінде де курстар бастаймыз дегендей қылды.
    • Еліміздегі көптеген бағдарламалауды үйрететін курстардың ішінен оларды таңдаған себебім – ол жерде сабақтар офлайн өтеді. Бару-келу уақыт алады, кейде ыңғайсыз десек те, мұғаліммен көзбе-көз сөйлесіп, түсінбеген жерімді сол жерде сұрап алған бағдарламашылыққа басқан алғашқы қадамым үшін маңызды. Оның маңызына өз басым бірнеше рет көз жеткіздім.

Дәл қазір мына тапсырманы шеше алмай отырмын. Менен не сұрап тұрғанын түсіне алар емеспін. Офлайн сабақ басталар алдында мұғалім «сұрақ бар ма?» деп сұрайды. Сол кезде мен жаңағы тапсырманы түсіндіріп беруін сұраймын. Сөйтіп тапсырманы дұрыс түсінгеннен соң оның шешімін табамын. Әрине жауапты қарай салуға болады. Бірақ тапсырманы түсініп, оны өз басыңмен шешкен әлдеқайда пайдалырақ.