Подкастты телефонда тыңдау туралы

Телефонда подкаст тыңдау – мен үшін аудио мазмұнды тұтынудың ең ыңғайлы тәсілі. Қазір iOS және Android құрылғылары үшін подкаст тыңдауға ыңғайлы көптеген ақылы және тегін қосымшалар бар. Бұл пост телефонда подкаст тыңдау жайында.

Подкастты телефонда тыңдаудың бірінші қадамы – подкаст қосымшасын телефонға жүктеп алу. iOS құрылғыларындағы App Store мен Android құрылғыларындағы Google Play Store-да көптеген тегін подкаст қосымшалар бар. Ішіндегі танымалдары Apple Podcasts, Google Podcasts және PocketCasts.

Подкаст қосымшасын телефоныңызға орнатқаннан кейін, сізді қызықтыратын тақырыптағы подкастты іздесеңіз болады. Аты, тақырыбы немесе подкаст жүргізушісі бойынша іздеуге болады.

Сізге ұнайтын тақырып туралы подкастты тапқаннан кейін оған жазылып алыңыз. Сонда подкасттың жаңа эпизодтары шыққан бойда телефоныңызға хабарлама келеді және ол эпизод автоматты түрде телефоныңызға жүктеледі.

Эпизодты тыңдау үшін подкаст қолданбасында «play» тетігін түртіңіз. Басқару элементтерін пайдаланып тыңдауды басқара аласыз: тыңдауды паузаға қойып, оны алға немесе кейін айналдырып және тыңдау жылдамдығын басқара аласыз.

Телефонда подкаст тыңдаудың басты артықшылығы – ыңғайлылық. Жол жүру, жаттығу немесе басқа тапсырмаларды орындау кезінде тыңдай аласыз. Бұл сүйікті подкасттарыңызды тыңдап жүріп басқа да тапсырмаларды орындауға мүмкіндік береді.

Телефонда подкасттарды тыңдаудың тағы бір артықшылығы – аудио мазмұнның кең кітапханасы. Саясат, жаңалықтар, ойын-сауық пен хобби туралы мыңдаған подкаст бар. Әркім өзіне ұнайтын тақырыпта, өзіне пайдалы және қызық болатын подкаст таба алады.

Телефонда подкаст тыңдаудың бірнеше қадамы:

  1. Подкаст қосымшасын жүктеп алыңыз: App Store (iOS құрылғылары үшін) және Google Play Store (Android құрылғылары үшін);
  2. Орнатылған қосымшадан сізді қызықтырған тақырып бойынша подкастты іздеп табыңыз;
  3. Керекті подкастты тапқан соң оған жазылып алыңыз. Сонда сіз бұл подкастты жоғалтып алмайсыз және ол подкасттың жаңа эпизодтары шыққанда сізге хабарлама келіп тұрады;
  4. Енді тақырыбы қызықтырған эпизодты түртіп оны ойнатыңыз. Құттықтаймын, сіз енді подкаст тыңдай білесіз 🙂

«Ыңғайсыз» адам

Өз бағдарламаларын подкаст деп атағысы келетін, бірақ RSS-пен жұмыс істегісі келмейтін адамдар үшін мен қаншалықты «ыңғайсыз» екенімді іштей түсінемін.

Біз мазмұнды тұтынудың орталықтандырылған жүйесіне үйреніп қалғанымызды да түсінемін. Подкастиңнің қалай жұмыс істейтінін түсіну қиын. «Немене? Бір подкаст бірден 50 қолданбада жарияланады?! Не үшін? YouTube, TikTok бар ғо…» деп.

Оған қоса «подкаст» сөзі қазір трендте екенін де түсінемін. Сондықтан да көпшілік подкаст бастағысы келетіні таңқаларлық емес, әсіресе БАҚ-тар.

Бірақ! Подкастиңнің 20 жылдық тарихы бар. Подкастиң технология ретінде осы күнге дейін сақталып келгені – адамдар технологияны жанрмен шатастырмағанынан. Егер біз қазір сұхбат пен әңгіме жанрын подкаст деп атасақ, «ертең» подкастиң көпшілікке тарамай қалады. Ол бүкіл әлемде гүлденеді, бірақ Қазақстанда емес. Блогиң сияқты. Бізде екінің бірі блогы жоқ блогер. Instagram, Facebook – бұл әлеуметтік желілердегі аккаунттар, бұл блогтар емес (менің түсінігім бойынша).

Блогиңнің жік-жігін ашып талдау қиын іс. Бірақ подкастиңге келген мүлдем басқа жағдай. Мұнда бәрі анық: аудио/бейне RSS арқылы таратыла ма? Бұл подкаст! RSS жоқ па? Бұл подкаст емес. Болды. Жанрға қатысы жоқ.

«Трендті» ұстанып, подкаст жасағыңыз келе ме? Мархабат, подкаст жасаңыз. Қалай екенін білмейсіз бе? Байланысыңыз: мен сізге бәрін айтып беремін, көрсетемін, үйретемін, тіпті барлық жұмысты да сіз үшін жасап беруге дайынмын.

Мысалы, алдыңғы күні Қазақстан Республикасының Ұлттық Академиялық Кітапханасы -ның қызметкерлеріне подкастиң негіздері бойынша дәріс оқыдым. Gaziza Kudaybergen -мен желтоқсан айында тағы бір кездесу өткіземіз деп келістік.

Мен подкастиңді жақсы көремін және оның Қазақстанда дұрыс түсінігі таралғанын қалаймын.

Әр қиындық ішінде мүмкіндік жатыр. Маған көпшілікке төтеп беру оңай емес, бірақ бұл күрес маған біраз мүмкіндіктер ашып жатыр. Сондықтан сіз де подкастиңнің «қиындығына» мойымай, оның сізге берер мүмкіндіктерін ойлап қойыңыз.

Орыс тілі кімге тиесілі?

Осы жылы басталған Украина соғысы кезінде адамдар Ресейге қатысты нәрселерден бас тарта бастады. Соның ішіне Орыс тілі де кірді. Мен осы ағынға ілігіп орыс тілінде жариялап жүрген подкасттарымды тоқтаттым. Кейін орыс тілімен менің интеграциям тым терең екенін байқадым: ол тілді жетік білгендіктен сол тілде оқимын, жазамын, тыңдаймын. Бірден бас тарту қиын екенін түсіндім. Әсіресе мен баяғыдан тыңдайтын Орыс рок музыкасын тыңдамау қиын болды.

Содан кейін көптеген ресейлік рок-әншілер Ресейдің Украинада бастаған соғысына қарсы шыға бастады. Енді олардың музыкасын тыңдауға болады деген сөз бе? Әлде орыс тілінде болғандықтан әрі қалай cancelling мәдениетін ұстанып тыңдамау керек пе?

Осы мәселені ойлай келе мен мынандай ойға келдім:

Орыс тілі Ресейге немесе орыстарға тиесілі емес. Кез келген тіл адамзатқа ортақ.

Мысалы, Ағылшын тілін алатын болсақ. Ол тілде екінің бірі сөйлейді. 59 елдің ресми тілі. Қаншама халықаралық ұйымдар осы тілде сөйлейді. Сол елдер мен ұйымдар Ұлыбританияға тиесілі емес қой? Ағылшындар тіпті оларға тыйым да сала алмайды. Мен ағылшын тілінде сөйлесем Ұлыбританияның саясатын қолдаймын деген сөз емес қой? Дәл солай Орыс тілене келгенде осындай санатта ойлайтынымыз бұрыс іс деп білемін.