Алдыңғы аптада пост жариялағанмын, сол постқа Нұрболат Туысбайұлы деген бауырым ішінде бірталай сұрағыы бар мынадай пікір қалдырыпты:
RSS-каналда жұмыс істеуге неге құлықсыз жұрт? Қандай қиыншылықтары бар? Ютубқа сұхбат салып, оны подкаст деп атау — трендте болу үшін орын алған жағдай ма? Неге RSS-канал қолданбаса да “подкаст” сөзіне жабысып қалды жұрт?
Ең алдымен айтып өткім келетін нәрсе, ол – бұл сұрақтарды сол ютубта «подкаст» жасап жүргендерге қою керек. Ал жалпы мен ойымды айтып, жауап беріп көрейін.
Жұрт неге RSS-арнамен жұмыс істеуге құлықсыз?
Ең алдымен жұрт ондай нәрсе бар екенін, оның болуы керек екенін білмеуі мүмкін. Одан кейін білсе де, түсінбеуі мүмкін. Менің байқағаным, әдетте подкастиңді сөйлесу жанры деп ойлайтындар – кәдімгі подкаст тыңдамайтындар. Олар подкаст дегенді тек ютубтан ғана көрген. Ал ютубта көбіне әңгіме жанрындағы подкасттар жарияланғандықтан, олар да тура сондай форматта, сондай жанрда подкаст жасайды. Яғни, олар подкасттың басқа түрін «көрмеген» . Сондықтан, мен үшін ол кісілер подкастиң деген контентті тарату технологиясы екенін білмеуі таңғаларлық жайт емес.
Соңғы кезде мен айтып жүрген тезис: подкаст жасау үшін подкаст тыңдау керек. Бұл «кітап жазу үшін, кітап оқу керек» деген сияқты нәрсе. Ұяңда не көрсең ұшқанда соны ілесің емес пе? Сондықтан подкаст бастар алдында көптеп подкастты көбірек тыңдау қажет.
RSS-арна жасаудың қандай қиыншылықтары бар?
Ешқандай қиыншылығы жоқ. Ютубқа видео жариялағаннан оңай болмаса, тең нәрсе. Мәселе сол RSS-арнаны таратуға келгенде шығады. Алдымен RSS-арнаны жасайсың, сосын оны подкаст-тұғырларға жариялау керек деген кезде көбісінің логикасы сынады. Көптеген сұрақтар пайда болады. Үйренбеген, таңсық нәрсе. Осы процесті толық түсіндіретін де пост та жариялап қойдым.
Ерекше атап өткім келетін нәрсе: подкасттың әр эпизодын әр тұғырға бөлек-бөлек жүктеу қажет емес. Подкасттың RSS-арнасын Apple Podcasts, Google Podcasts деген сияқты подкаст-тұғырларға бір рет қана саласыз. Кейін ол жерде подкасттың эпизодтары автоматты түрде жарияланып тұрады.
Бір подкаст-хостиң. Бір RSS-арна. Көптеген подкаст-тұғырлар. Подкастиң осылай жұмыс істейді.
Ютубқа сұхбат салып, оны подкаст деп атау — трендте болу үшін орын алған жағдай ма?
Қазір подкаст бастау, подкастқа қонақ болып бару тренд екені рас. Ал «сұхбат салып, оны подкаст деп атау» сол баяғы білмегендіктен деп ойлаймын. Қазір кейбір ютуб-арналар уақыты жоғын айтады. Шынымды айтсам, мен ондай сөзге сене бермеймін. Шындап қолға алса, жарты сағаттық жұмыс. Арнайы сондай кісілер үшін RSS-арна жасап, оны подкаст-тұғырларға салу жолын көрсететін пост жазып қойдым. Бұдан басқа не істей аламыз? Енді ол кісілерге өзіміз барып, тегін істеп беруіміз керек шығар?!
Жұрт неге RSS-арнасы болмаса да “подкаст” сөзіне жабысып қалды?
Ол кісілер “подкаст” сөзіне жабысып қалды деп ойламаймын. Подкасттың орнында басқа да сөз де болар еді. Еркін әңгіме, сұқбат форматында немесе жанрында жасаған контентін жәй ғана «сұқбат», не «әңгіме» дегісі келмейтін сияқты. Ал сол сұқбат пен әңгімені «подкаст» десе, ол «жаңарып» , «түрлене» түсетін сияқты. Оған қоса «заманауи» естіледі, түсінесіз бе?
Мүмкін олар шынымен подкаст жасағысы келген шығар, бірақ сол подкаст деген не деп ізденбеген. Ютубтан көріп жүр ғой «Замандас» , «Дөп сөз» деген подкастарды. Сол ютубта да жарияланатын подкасттардың арғы жағында арнайы технология тұрғанынан хабарсыз. Хабары болса неге жасамайды?
Енді ютубта да жарияланатын, RSS-арнасы бар подкасттарға келсек. Олар көбіне қосымша подкаст-тұғырлар туралы еш жерде айтпайды, жазбайды. Аудиториясына подкастты тұтыну жолдарын көрсетпейді де. Аудиториясын сол ютубта «қамап» ұстап отырғысы келетіндей әсер қалдырады. Формально оларға подкастиң туралы сұрақ қоя алмайсың, себебі, подкасттары ютубқа жарияланса да, бөлек RSS-арнасы бар. Бірақ ол туралы білмесе, RSS-арнаның болғанынан тұтынушыға не пайда? Подкастердің өзі, егер ол RSS-арна бар екенін ешкімге айтпаса, оны не үшін жасады?
Қазір былай жасау керек: RSS-арна жасадың ба? Енді аудиторияңды сол арқылы подкаст тыңдап үйрет, сонда сенің ол жерде де аудиторияң болады.