Category Archives: Подкаст

Осы блогтағы аудио нұсқасы бар посттар жиналған санат. Оған келесі RSS-арна арқылы жазылуға болады: https://yeldar.org/gem/podcast/feed

Подкастиң технология бола ала ма?

Мен подкастиңге анықтама бергенде ішінде «технология» сөзін қолдандым. Bakytgul Salykhova осы туралы пікірін айтып, «Подкастинг технология бола ала ма?» деген сұрақ көтерді.

Меніңше, технология деген ұғым физикалық құрылғылар мен жабдықтарды ғана емес, сонымен қатар, белгілі бір мақсатқа/нәтижеге жету үшін қолданылатын әдіс, тәсілдерді де қамтиды. Осы мағынада мен подкастиңді технология деп санаймын, себебі ол аудио және бейнемазмұнды тарату және тұтыну үшін түрлі әдістер мен процестер жиынтығын қамтып, бұл процесті автоматтандырады.

Подкастиң толығымен іске асуы үшін RSS-арнадан басқа, аудио және бейне кодектер, хостиң қызметтері және ойнату құрылғылары сияқты түрлі технологияларды пайдалану керек. Бұл технологиялардың барлығы подкастты таратуға және тұтынуға мүмкіндік беру үшін бірге пайдаланылады.

Интернетте мазмұнды таратудың көптеген басқа әдісі бар. Бірақ олар міндетті түрде технология бола бермейді. Бейне немесе аудиофайлды сайтқа жүктеу/жариялау – мазмұнды тарату әдісі. Бұл әдіс подкастиңде мазмұнды тарату және тұтыну үшін қолданылатын технологиялар мен әдістердің кейбірін қамтыса да, бұл процесті автоматтандырмайды. Тағы бір мысал, файлды немесе файлды ашатын сілтемесі бар электрондық хат жіберу, бұл – файлы тарату әдісі. Сол сияқты месенжерлер арқылы файл жіберу де – әдіс.

Бұл әдістер мен подкастиң арасындағы негізгі айырмашылық мынада: подкастиң мазмұнды RSS көмегімен жеткізіп қана қоймай, подкастқа жазылуға мүмкіндік беріп, мазмұнды тұтыну процесін автоматтандырады. Оған қоса, подкастиң түрлі технологиялардың басын қосып, оларды бір процеске айналдырып отырғандықтан да, мен подкастиңді технология деп білемін.

Сонымен қатар подкастиң әлемдік медианарыққа айтарлықтай әсер етіп, контент жасаушылар мен тұтынушылар үшін жаңа мүмкіндіктер туғызды. Подкастиң әлемдік деңгейдегі салаға да айналды. Подкастерлер мен подкастиңмен айналысатын ұйымдар саны жылдан жылға артып келеді. Меніңше бұл – подкастиң жай ғана әдіс емес, әртүрлі контексттер мен салаларда қолданылатын технология екенінің көрсеткіші.

Сондай-ақ, подкастиң жай технология емес, ол – деорталықтандырылған технология деуге де болады. Подкастиң арқылы таралған мазмұнды сан алуан қолданбалар мен тұғырларда тұтынуға болады. Орталықтандырылған технологиялар арқылы таралған мазмұнды тұтыну сияқты бір нүктеге байланбаған. Тыңдарман подкастты қашан, қалай тұтынам десе де өз еркі. Ал подкастерге подкаст бастау үшін басқа тараптан рұқсат алып, оны белгілі бір тұғырға немесе жүйеге тіркеу де міндетті емес. Әр адам өз компьютерімен-ақ подкасттың RSS-арнасын жасай алады. Осы қасиетіне байланысты подкастиң мазмұнды таратуға арналған басқа технологиялар мен әдістерден ерекшеленеді.

Егер сіз де өз салаңызда осындай технологияны қолданғыңыз келсе, қазақ тіліндегі «Подкастиң негіздері» деген тегін онлайн-курстан өтіп, өз подкастыңызды бастасаңыз болады.


Подкастиң деген не?

Бұл сұраққа жауап беру үшін бізге подкастиңді түсіндіретін бірнеше түсінік пен процесті анықтап алу керек.

Көп адам подкастиң 2004 жылы пайда болды деп есептейді. Бірақ подкастиң 2001 жылдың басында пайда болғанының дәлелі бар. Дэйв Уайнердің сол жылы жазған мына постын оқып көріңіз. Осы постта сипатталған <enclosure> тэгі бар RSS-арна арқылы аудионы интернетте тарату процесі кейін подкастиң деген технологияның негізін қалаған.

Егер RSS-арнаның ішінде <enclosure> тэгі болмаса, демек, ол подкастиңге қатысы жоқ. Десек те, RSS-арна тек мәтіннен құралады, оның ішінде файлдың өзі емес, соны ашатын сілтеме ғана болады. Дэйв Уайнер RSS-арнаға <enclosure> тэгін қосқан сәттен бастап RSS-арна арқылы кез келген пішіндегі файл таратуға болады. Бұл тек аудио немесе бейне туралы ғана емес, ол фотосуреттер, PDF немесе Excel болуы да мүмкін. Енді осыған орай RSS-арна арқылы .doc пішініндегі файлдарды таратуды подкастиң деу орынсыз сияқты, сондықтан мен тек аудио мен бейнені қалдырдым.

Подкасттың эпизоды подкаст деп аталмайды, ол – эпизод. Бір эпизод қана жарияланған подкаст болуы әбден мүмкін, бірақ әдетте ол бірнеше эпизодтан құралады.

RSS-арнаның да неше түрі болады, мысалы: ашық және жабық. Жабық RSS-арнаны кез келген адам аша алмайды. Оны ашу үшін авторизациядан өтуі қажет. Менің ойымша, RSS-арна ашық болмаса, ол барлық адамға қолжетімді болмаса, біз ол арнаны подкастиңге қатысы бар деп айта алмаймыз. Сондықтан, меніңше, подкастиңге қатысты RSS-арна сонау 2001 жылы Дэйв Уайнер жасаған RSS-арна сияқты ашық болуы керек.

Қорыта келе қазіргі таңда мен ұсынып отырған подкастиңнің анықтамасы мынандай:

Подкастиң – Интернетте аудио немесе бейнефайлдар жинағын ашық RSS-арна арқылы тарату процесі, технология.

Подкастиң – радио, ТВ сияқты контент таратуға арналған құрал. Подкастиңнің ешбір жанр немесе форматқа қатысы жоқ. Әңгімені немесе сұхбатты подкаст деу – қате түсінік. Ендігі жазбаларымда «Подкаст деген не?» сұрағына жауап беремін.

Подкаст жанр бола ала ма?

Алматыда «Мedia Құрылтай» деген шарада Әйнел Әмірхан сөз сөйлепті. Сөйлегенде подкастиңнің мазмұнды таратуға арналған технология екенін анықтап тұрып айтыпты. 1

Айнель презентациясында подкастиңге қатысты «жанр тазалығы» деген сөз тіркесін қолданады. Мен оны оқып, зерттеп көрдім де, ойландым: подкаст жанр бола ала ма?

Әдетте «жанр» деген шығарманың құрылымына сай болады. Сонымен қатар кез келген жанр әрдайым өзгеріп отырады екен. Жалпы алғанда, мені жанрлардың әлі де толық нақтыланбағандығы таңғалдырды.

Сөйте келе мынадай сұрақ пайда болды: жанрлар әрдайым өзгеріп отыратынын ескере отырып, біз кез келген шығарманы оның тұтынушыға жету жолына байланысты жанрға бөле аламыз ба?

Стрим мен подкастиң

Мәселен, «стрим» деген ұғым бар. Ол туралы интернет былай дейді: «стрим – бұл провайдерден пайдаланушыға аудио және бейне деректердің онлайн түрде үздіксіз беріліп отыруы. Дәлірек айтқанда, «интернеттегі тікелей эфир». … «Стрим» сөзі ағылшын тілінен аударғанда «ағын» дегенді білдіреді.» 2

Қазіргі таңда әлеуметтік желілердің басым көпшілігінде әр қолданушы стрим жасай алады. Ал атауы «стрим» болуы үшін ол жерде не болып жатқаны маңызды емес, сол мазмұнның таралу жолы маңыздырақ, бұл – интернеттегі тікелей эфир. Стримдердің түрлері көп, бірақ олардың бәрін біріктіретіні – оның технологиялық жағы.

Ал енді подкастиңге келсек. Мазмұн «подкаст» деп аталуы үшін ол интернетте <enclosure> деген тегі бар RSS-арна арқылы таралуы керек. Осы жерде жаңағы стриммен ұқсастығы мен үшін айқын. Подкастиңді технология ретінде алатын болсақ, мазмұнның құрылымына қарағанда, оның тұтынушыға жету жолы маңызды. Кез келген нәрсені таратуға болады, бірақ таралу жолы белгілі болуы керек, ол – RSS-арна.

Осыған орай «стрим» және «подкастиң» ұғымдары интернетте таралу жолына байланысты бөлек жанр бола ала ма?

Жанр әлде санат

«Подкаст» және «стрим» терминдері аудио, бейнемазмұнды жеткізудің нақты әдістеріне қатысты екені рас болса да, олар дәстүрлі мағынада жанр емес. Өйткені жанр әдетте мазмұнның өзіне, оның құрылымына байланысты. Мазмұнның жанры оның жеткізілу жолына еш қатысы жоқ. Мысалы, комедиялық подкаст жеткізу әдісіне байланысты подкаст болады, ал жеткізілген мазмұн түріне байланысты оның жанры – комедия.

«Подкаст» пен «стримді» жеткізу әдісіне байланысты санат (category) ретінде қарастыруға болады. Шығарманың жанры оның тақырыбына, стиліне және форматына байланысты анықталса, жеткізу әдісі жай ғана мазмұнды тұтынушыға қалай таратып, қалай қабылдағанын білдіреді.

Санат – ұқсас сипаты немесе қасиеті бар, бірге жіктелуі мүмкін заттар тобы. Санаттың мақсаты күрделі ақпаратты жүйелеп, түсінуді; байланысты объектілер мен идеяларды тауып, оларды салыстыруды жеңілдету.

Бұл мағынада, «стрим» мен «подкастиң» – «теледидар», «радио» сияқты аудио немесе бейнемазмұнды жеткізу санаты. Жеткізілетін мазмұн комедия, драма, білім беру, жаңалықтар және т.б. сияқты әртүрлі жанрларға жатуы мүмкін, бірақ жеткізу әдісін санаты айқындайды.

Қорытынды

Подкастиң технология ретінде жанр бола алмайды, ал подкасттың жанры болуы мүмкін.


1 MediaКурылтай 2022 KZ, басталуы 07:39:09-да.

2 Стрим деген не, стример деген кім?

Жұрт неге RSS-арнасы болмаса да “подкаст” сөзіне жабысып қалды?

Алдыңғы аптада пост жариялағанмын, сол постқа Нұрболат Туысбайұлы деген бауырым ішінде бірталай сұрағыы бар мынадай пікір қалдырыпты:

RSS-каналда жұмыс істеуге неге құлықсыз жұрт? Қандай қиыншылықтары бар? Ютубқа сұхбат салып, оны подкаст деп атау — трендте болу үшін орын алған жағдай ма? Неге RSS-канал қолданбаса да “подкаст” сөзіне жабысып қалды жұрт?

Ең алдымен айтып өткім келетін нәрсе, ол – бұл сұрақтарды сол ютубта «подкаст» жасап жүргендерге қою керек. Ал жалпы мен ойымды айтып, жауап беріп көрейін.

Жұрт неге RSS-арнамен жұмыс істеуге құлықсыз?

Ең алдымен жұрт ондай нәрсе бар екенін, оның болуы керек екенін білмеуі мүмкін. Одан кейін білсе де, түсінбеуі мүмкін. Менің байқағаным, әдетте подкастиңді сөйлесу жанры деп ойлайтындар – кәдімгі подкаст тыңдамайтындар. Олар подкаст дегенді тек ютубтан ғана көрген. Ал ютубта көбіне әңгіме жанрындағы подкасттар жарияланғандықтан, олар да тура сондай форматта, сондай жанрда подкаст жасайды. Яғни, олар подкасттың басқа түрін «көрмеген» . Сондықтан, мен үшін ол кісілер подкастиң деген контентті тарату технологиясы екенін білмеуі таңғаларлық жайт емес.

Соңғы кезде мен айтып жүрген тезис: подкаст жасау үшін подкаст тыңдау керек. Бұл «кітап жазу үшін, кітап оқу керек» деген сияқты нәрсе. Ұяңда не көрсең ұшқанда соны ілесің емес пе? Сондықтан подкаст бастар алдында көптеп подкастты көбірек тыңдау қажет.

RSS-арна жасаудың қандай қиыншылықтары бар?

Ешқандай қиыншылығы жоқ. Ютубқа видео жариялағаннан оңай болмаса, тең нәрсе. Мәселе сол RSS-арнаны таратуға келгенде шығады. Алдымен RSS-арнаны жасайсың, сосын оны подкаст-тұғырларға жариялау керек деген кезде көбісінің логикасы сынады. Көптеген сұрақтар пайда болады. Үйренбеген, таңсық нәрсе. Осы процесті толық түсіндіретін де пост та жариялап қойдым.

Ерекше атап өткім келетін нәрсе: подкасттың әр эпизодын әр тұғырға бөлек-бөлек жүктеу қажет емес. Подкасттың RSS-арнасын Apple Podcasts, Google Podcasts деген сияқты подкаст-тұғырларға бір рет қана саласыз. Кейін ол жерде подкасттың эпизодтары автоматты түрде жарияланып тұрады.

Бір подкаст-хостиң. Бір RSS-арна. Көптеген подкаст-тұғырлар. Подкастиң осылай жұмыс істейді.

Ютубқа сұхбат салып, оны подкаст деп атау — трендте болу үшін орын алған жағдай ма?

Қазір подкаст бастау, подкастқа қонақ болып бару тренд екені рас. Ал «сұхбат салып, оны подкаст деп атау» сол баяғы білмегендіктен деп ойлаймын. Қазір кейбір ютуб-арналар уақыты жоғын айтады. Шынымды айтсам, мен ондай сөзге сене бермеймін. Шындап қолға алса, жарты сағаттық жұмыс. Арнайы сондай кісілер үшін RSS-арна жасап, оны подкаст-тұғырларға салу жолын көрсететін пост жазып қойдым. Бұдан басқа не істей аламыз? Енді ол кісілерге өзіміз барып, тегін істеп беруіміз керек шығар?!

Жұрт неге RSS-арнасы болмаса да “подкаст” сөзіне жабысып қалды?

Ол кісілер “подкаст” сөзіне жабысып қалды деп ойламаймын. Подкасттың орнында басқа да сөз де болар еді. Еркін әңгіме, сұқбат форматында немесе жанрында жасаған контентін жәй ғана «сұқбат», не «әңгіме» дегісі келмейтін сияқты. Ал сол сұқбат пен әңгімені «подкаст» десе, ол «жаңарып» , «түрлене» түсетін сияқты. Оған қоса «заманауи» естіледі, түсінесіз бе?

Мүмкін олар шынымен подкаст жасағысы келген шығар, бірақ сол подкаст деген не деп ізденбеген. Ютубтан көріп жүр ғой «Замандас» , «Дөп сөз» деген подкастарды. Сол ютубта да жарияланатын подкасттардың арғы жағында арнайы технология тұрғанынан хабарсыз. Хабары болса неге жасамайды?

Енді ютубта да жарияланатын, RSS-арнасы бар подкасттарға келсек. Олар көбіне қосымша подкаст-тұғырлар туралы еш жерде айтпайды, жазбайды. Аудиториясына подкастты тұтыну жолдарын көрсетпейді де. Аудиториясын сол ютубта «қамап» ұстап отырғысы келетіндей әсер қалдырады. Формально оларға подкастиң туралы сұрақ қоя алмайсың, себебі, подкасттары ютубқа жарияланса да, бөлек RSS-арнасы бар. Бірақ ол туралы білмесе, RSS-арнаның болғанынан тұтынушыға не пайда? Подкастердің өзі, егер ол RSS-арна бар екенін ешкімге айтпаса, оны не үшін жасады?

Қазір былай жасау керек: RSS-арна жасадың ба? Енді аудиторияңды сол арқылы подкаст тыңдап үйрет, сонда сенің ол жерде де аудиторияң болады.