Category Archives: Ортақ

Инди-уеб

Әлгінде бір кісімен жұмыс барысында танысып, барымша подкастиңді түсіндіріп отырып, өз болашағым жайында мына бір нәрсені байқадым.

Подкастиң маманның (тіпті кез келген подкаст бастаған адамның) жеке тәуелсіздігіне апарар жолдың басы ғана екен.

  1. Оқырмандарыңыз сіздің барлық жазбаларыңызды нақты алып отырады және олар сізбен әрдайым байланыста болады. Оның 3 жолы бар: сайтқа тіке кіру арқылы; сайттың RSS-арнасына жазылу арқылы; email-таратылымыңызға жазылу арқылы.
  2. Егер подкастты жеке сайтыңыздан таратсаңыз, демек ол мазмұн толығымен сіздікі деген сөз. Ешбір корпорация оған ықпал ете алмайды, сізден басқа ешкім оны өшіре алмайды, таралуын шектей алмайды, бұғаттай алмайды (сот шешімінсіз).
  3. Сіз жеке сайтыңызда тек подкаст қана емес, КЕЗ КЕЛГЕН нәрсе жасай аласыз және оның бәрі сізге тиесілі болады. Блог, фотоальбом, видеохостиң, онлайн-курс платформасы, онлайн дүкен, жеке электрондық пошта, бәрін ашуға болады.

Бұл сол кездесу кезінде басыма бірден келген ойлар. Осы ойларым бойынша іздеу жүйесін ақтарғанда “indieweb” деген қозғалысқа тап болдым. Бұл қозғалыстың ұстанымдары менің жеке ұстанымдарыма өте жақын екен.

Енді ақырындап сол қауымдастықты зерттеп, білмегенім болса үйренемін. Нәтижелерін www.yeldar.org мекеніндегі жеке блогымда жазамын.

Айтпақшы, бұл жазба алдымен сол блогымда жарияланған, содан соң барып әлеуметтік желілерге кросспост жасап отырмын. Indieweb қағидасына 100% сәйкес.

Егер менімен бірге зерттеймін десеңіздер indieweb.org сайтында керекті ақпараттың бәрі жиналған екен.

Орыс тілі кімге тиесілі?

Осы жылы басталған Украина соғысы кезінде адамдар Ресейге қатысты нәрселерден бас тарта бастады. Соның ішіне Орыс тілі де кірді. Мен осы ағынға ілігіп орыс тілінде жариялап жүрген подкасттарымды тоқтаттым. Кейін орыс тілімен менің интеграциям тым терең екенін байқадым: ол тілді жетік білгендіктен сол тілде оқимын, жазамын, тыңдаймын. Бірден бас тарту қиын екенін түсіндім. Әсіресе мен баяғыдан тыңдайтын Орыс рок музыкасын тыңдамау қиын болды.

Содан кейін көптеген ресейлік рок-әншілер Ресейдің Украинада бастаған соғысына қарсы шыға бастады. Енді олардың музыкасын тыңдауға болады деген сөз бе? Әлде орыс тілінде болғандықтан әрі қалай cancelling мәдениетін ұстанып тыңдамау керек пе?

Осы мәселені ойлай келе мен мынандай ойға келдім:

Орыс тілі Ресейге немесе орыстарға тиесілі емес. Кез келген тіл адамзатқа ортақ.

Мысалы, Ағылшын тілін алатын болсақ. Ол тілде екінің бірі сөйлейді. 59 елдің ресми тілі. Қаншама халықаралық ұйымдар осы тілде сөйлейді. Сол елдер мен ұйымдар Ұлыбританияға тиесілі емес қой? Ағылшындар тіпті оларға тыйым да сала алмайды. Мен ағылшын тілінде сөйлесем Ұлыбританияның саясатын қолдаймын деген сөз емес қой? Дәл солай Орыс тілене келгенде осындай санатта ойлайтынымыз бұрыс іс деп білемін.