Мен подкастиңге анықтама бергенде ішінде «технология» сөзін қолдандым. Bakytgul Salykhova осы туралы пікірін айтып, «Подкастинг технология бола ала ма?» деген сұрақ көтерді.
Меніңше, технология деген ұғым физикалық құрылғылар мен жабдықтарды ғана емес, сонымен қатар, белгілі бір мақсатқа/нәтижеге жету үшін қолданылатын әдіс, тәсілдерді де қамтиды. Осы мағынада мен подкастиңді технология деп санаймын, себебі ол аудио және бейнемазмұнды тарату және тұтыну үшін түрлі әдістер мен процестер жиынтығын қамтып, бұл процесті автоматтандырады.
Подкастиң толығымен іске асуы үшін RSS-арнадан басқа, аудио және бейне кодектер, хостиң қызметтері және ойнату құрылғылары сияқты түрлі технологияларды пайдалану керек. Бұл технологиялардың барлығы подкастты таратуға және тұтынуға мүмкіндік беру үшін бірге пайдаланылады.
Интернетте мазмұнды таратудың көптеген басқа әдісі бар. Бірақ олар міндетті түрде технология бола бермейді. Бейне немесе аудиофайлды сайтқа жүктеу/жариялау – мазмұнды тарату әдісі. Бұл әдіс подкастиңде мазмұнды тарату және тұтыну үшін қолданылатын технологиялар мен әдістердің кейбірін қамтыса да, бұл процесті автоматтандырмайды. Тағы бір мысал, файлды немесе файлды ашатын сілтемесі бар электрондық хат жіберу, бұл – файлы тарату әдісі. Сол сияқты месенжерлер арқылы файл жіберу де – әдіс.
Бұл әдістер мен подкастиң арасындағы негізгі айырмашылық мынада: подкастиң мазмұнды RSS көмегімен жеткізіп қана қоймай, подкастқа жазылуға мүмкіндік беріп, мазмұнды тұтыну процесін автоматтандырады. Оған қоса, подкастиң түрлі технологиялардың басын қосып, оларды бір процеске айналдырып отырғандықтан да, мен подкастиңді технология деп білемін.
Сонымен қатар подкастиң әлемдік медианарыққа айтарлықтай әсер етіп, контент жасаушылар мен тұтынушылар үшін жаңа мүмкіндіктер туғызды. Подкастиң әлемдік деңгейдегі салаға да айналды. Подкастерлер мен подкастиңмен айналысатын ұйымдар саны жылдан жылға артып келеді. Меніңше бұл – подкастиң жай ғана әдіс емес, әртүрлі контексттер мен салаларда қолданылатын технология екенінің көрсеткіші.
Сондай-ақ, подкастиң жай технология емес, ол – деорталықтандырылған технология деуге де болады. Подкастиң арқылы таралған мазмұнды сан алуан қолданбалар мен тұғырларда тұтынуға болады. Орталықтандырылған технологиялар арқылы таралған мазмұнды тұтыну сияқты бір нүктеге байланбаған. Тыңдарман подкастты қашан, қалай тұтынам десе де өз еркі. Ал подкастерге подкаст бастау үшін басқа тараптан рұқсат алып, оны белгілі бір тұғырға немесе жүйеге тіркеу де міндетті емес. Әр адам өз компьютерімен-ақ подкасттың RSS-арнасын жасай алады. Осы қасиетіне байланысты подкастиң мазмұнды таратуға арналған басқа технологиялар мен әдістерден ерекшеленеді.
Егер сіз де өз салаңызда осындай технологияны қолданғыңыз келсе, қазақ тіліндегі «Подкастиң негіздері» деген тегін онлайн-курстан өтіп, өз подкастыңызды бастасаңыз болады.