Бұл посттың атауы Санта-Моникада серуендеп жүргенде ойымызға келді. Толқындардың жағаға соғылған үні мен Тынық мұхитының самалы маған өткен шақты еске салды. Сол сәтте мен өзімнің балалық армандарым мен бүгінгі өмірімді салыстырып, баяғыда басталған бір оқиғаның шын мәнінде аяқталуға жақын екенін түйсіндім.
Ақши
Менің туып-өскен жерім – Алматы облысы, Іле ауданына қарасты Ақши ауылы. 1988 жылы дүниеге келгенде, аудан Күрті деп аталатын, ал Ақши сол кезде қайнаған өмірі бар аудан орталығы еді.
Шамамен 1995 жылы, ата-анам мен мектепке барсын деп Т.Бокин көшесінің бас жағынан үлкен, төрт бөлмелі үй сатып алды. Бұл үй мен үшін нағыз арман еді. Кең әрі жарық бөлмелер, көршілердің татулығы, көше бойлап созылған арық, ертелі-кеш шулаған бала-шаға – бәрі мен үшін ерекше болатын. Көшенің бір жерінде асфальт тегіс, бір жерінде шұрық-тесік. Ақшидің шақырайған күнінде Қара ағаштың қою көлеңкесінде балалармен асыр салып жүріп, жаздың қалай өтіп кеткенін аңғармай да қалатынбыз.

Ақшидегі сыныптастардың чатынан алынған сурет.
Бірінші сыныпқа барарда марқұм Сәбитпен таныстым. Оның үйі Шұғыла көшесінде орналасқандықтан біздің огородымыз тиіп тұрды, сол себепті сабаққа бірге барып, бірге қайтатын едік. Сол күндер бала көңілде ешқашан өшпейтін жылы естеліктер қалдырды.
Кейін, маған белгісіз себептермен, бұл үй сатылып кетті. Ол кезде бұл өзгерістің мәнін толық түсінбесем де, үйге деген қимастық сезімі жүрегімде қалды. Әлі де Ақшиге барған сайын сол үйге соғып, әлі сол жерде тұратын көршілермен амандасып кетемін. Ол үйдің әр бұрышы мен үшін қымбат. Әр бөлмесі, әр қабырғасы, ауласы мен әр ағашы естеліктерге толы. Бала күнімде қуана жүгірген аула, жаздың аптап ыстығында сая болған ағаштар – бәрі сол күйі көз алдымда. Ойға шомсам, сол жерде өткен талай оқиғалар қайта тірілгендей болады. Сол оқиғалардың бірі Алматымен тығыз байланысты.
Ақши Алматыдан шамамен 100 шақырым жерде. Ол жаққа такси де, маршрутка да, автобус та қатынайды. Бірақ балалық шағымда Алматы мен үшін алыстағы, қол жетпейтін арман қала еді.
Сыныптастарым Алматыға барып келгендерін қызыға әңгімелеп жатқанда, мен оны тек қиялымда елестететінмін. Кейде көрші Леханың інісі Кирилл Алматыдан келіп, жаңа ойыншықтарын көрсетіп, үлкен қаладағы қызықтар туралы айтып беретін. Оның әңгімелерін тыңдап отырып, Алматыны көз алдыма елестететінмін, ішімде бір қалау оянатын. Ойлап көрші сен тек армандайтын, сағына елестететін жерде біреу күн сайын өмір сүріп жатыр. Керемет емес пе?
Жазғы демалыста Алматыда бір-екі апта тұрып, сол қаланың тынысын сезінгім келетін. Уақыт өте келе, жетінші сыныпты аяқтағанда, күтпеген жаңалықты естідім – мен енді Алматыда оқитын болдым! Қуанышымда шек жоқ еді. Сол сәтте мен өзімді үлкен қалада еркін жүріп, қалағанымдай өмір сүретіндей сезіндім.
Интернат
Кейін мен армандаған Алматы емес, қатаң тәртіп пен ережеге толы мектеп-интернатқа баратынымды білгенде, ішімде бірдеңе үзіліп кеткендей болды. Еркіндікке ұмтылған көңілім әп-сәтте тұйық кеңістікте қамалғандай сезінді.
Амал жоқ, көнуге тура келді. Қызығы, сол кезде мен де, үлкендер де бұл интернатта оқымауға болатын, басқа бір жол бар екенін білмегендейміз. Әлде, сол кезде басқаша таңдау жасауға мүмкіндік болған күннің өзінде, бәрі дәл осылай болуы керек пе еді?..
Шынын айту керек, интернаттағы алғашқы жыл жаман болған жоқ. Алматының жаңа өмірі, жаңа достар – бәрі мен ойлағандай қатал емес болып шықты. Қаланың жарығы мен қым-қуыт тіршілігі мені бірден баурап алды. Бірақ бұл жарықтарды тек интернаттың терезесінен ғана көруге тура келетінін ескерсек, бәрі ойдағыдай деп айту қиын еді. Алматы осында, дәл қасымда, бірақ мен үшін ол әлі де қол жетпейтін арман сияқты көрінді.
Тоғызыншы сыныпта бәрі өзгерді. Мен үшін қиын кезең басталды: булиңге ұшырадым, сабағым нашарлады. Өзімді бөтен, қажетсіз сезіне бастадым.
Интернаттан қашу – мен үшін сол тордан босап шығудың жалғыз жолы сияқты көрінді. Бірақ қашу дегеніміз біржола жоғалу емес еді. Біз ары кетсе екі-үш сағатқа ғана жоғаламыз, сол уақыттың өзінде өзімізді аз да болса еркін сезінетінбіз.

"Лакомка"
Алматының көшелерімен жүріп, мен бала күнімдегі арманымның бір бөлшегін сезінуге тырысатынмын. Бұл қала маған тиесілі емес сияқты, бірақ сол сәттерде мен оны өзіме жақындатқым келетін. Кейде қашып, Әділеттің жатақханасына тартамын, кейде Отбитада тұратын тәтелерімнің үйіне барамын. Оларға интернаттан қашып жүргенім туралы айтпаймын. Бірақ қазір ойласам, олар бәрін білген сияқты. Ал кейде ешкімге айтпай, Алматының көшелерімен жүре беремін. Алматының саябақтары мен Көк Базар аман болсын. Қаланың шуылы, көше сатушыларының дауысы, базардағы хош иістер – бәрі маған өмірдің бар екенін, еркіндіктің шын мәнінде осында екенін еске салатын. Қалтаңда 25 теңгең болса, бір "Лакомка" сатып алып, көшеде емін-еркін жеп жүресің. Міне бақыт.
Булер
Кейін колледжге түстім. Бұл жолы булиңге жол берген жоқпын. Қалай десек те, интернаттағы өмір менің мінезімді шынықтырған секілді. Бірақ, өкінішке қарай, бұл шынығу мені тек қорғануға емес, өзім басқаларға қысым көрсетуге итермеледі. Иә, мен булерге айналдым. Бұған мақтанбаймын. Қазір сол кездерді есіме алсам, жасаған істерім үшін ыңғайсызданып, ұялып кетемін.

Колледж күндері. Канбэк, Асанбай және мен.
Осылай жүргенде аппендицитпен ауруханаға түстім. Бірнеше күндік ем, содан кейін үйде ұзақ уақыт жатып қалу – осының бәрі маған ойлануға мүмкіндік берді. Бәлкім, алғаш рет өзіме сырттан қарап, кімге айналғанымды түсінген шығармын. Сол күндері өмірге деген көзқарасым түбегейлі өзгерді.
Колледжге қайта оралғанда, менде мүлде басқа mindset болды. Бұрынғыдай емес, енді мен тек Алматыны ғана емес, одан да үлкен нәрсені аңсадым. Осы кезде бала кезімдегі арманым жаңа деңгейге өтті – мен енді басқа қалада емес, басқа елде оқуды армандай бастадым.
Бұл ой мені жетеледі. Өзімді басқа елде оқып жүргенімді елестетіп, сол жаққа кетуді қаладым. Бірақ... ол арман да орындалмады.
Терапия
2018-ші жылдың Мамыр айынан бастап мен жеке психотерапевтпен жұмыс істей бастадым. Сол кезде ғана өзімнің өміріме, өткенге, арман-қиялдарыма басқаша қарай бастадым. Бұрын мен бәрін жай ғана кездейсоқтық деп қабылдасам, енді әрбір өзгерістің, әрбір жаңа мақсаттың түп-тамыры бар екенін түсіндім.
Бала кезімдегі арманым – басқа қалаға көшу, жаңа мүмкіндіктер іздеу – тек орындалып қана қоймай, менімен бірге өзгеріп, дамып отырған екен. Бір кезде мен үшін ең үлкен арман – Алматыға жету болса, уақыт өте келе бұл арман шетелде оқуға айналған. Кейін ол да өзгерді – енді мен тек шетелде оқу емес, сол жерде бірнеше жыл тұрақтап, жаңа өмірді сезінуді қаладым. Гештальт уақытында жабылмаса адамның көп күшін жұтып қоятын тұңғиық сияқты.
Ең қызығы, мен шетелге көшу туралы ойлағанда АҚШ менің ойымда да болмапты. Бірақ тағдырдың өз жоспары бар екен – мен Америкадамын. Санта-Моникада бала-шағаммен серуендеп жүргенде, мен өзімнің бұрынғы армандарымның осы сәтке дейін мені жетелеп келгенін, ал қазір сол гештальттің жабылып жатқанын сезіндім.
АҚШ
Ең алғаш рет Роза "грин карта" туралы айтқанда, оған онша мән бермеп едім. Ұту туралы да ойланбадым. Суретке түсу ісі біз үшін кешке моллға барып, қыдырып қайтуға сылтау сияқты көрінді.

"Raise with the sun & awaken your potential!"
Ал ұтқан сәтте өмір бірнеше минутқа паузаға тұрғандай болды. Алдымен, не ұтқанымызды түсінгім келді. Кейін барып, нағыз қызық басталды. "Грин картаны" ұту – бұл ұзақ сапардың тек бастамасы ғана екен. Оны алдағы посттарда баяндаймын.
Ал әзірге, Америкадағы қызығы мен шыжығына толы өміріміз өз арнасымен қайнап жатыр.