Бүгінде мемлекеттік мекемелердің маңдайшасындағы Елтаңбада еліміздің атауы "Qazaqstan" деп жазылып жүргенін байқаған боларсыз. Ел президентінің сайтындағы Елтаңбада да солай. .kz
домені "Kazakhstan" деген сөзден шыққан болса, қазір еліміздің атауының жазылуы ауысса, ендеше домен неге ескі? Мысалы, неге .qz емес? Өйткені ISO 3166/MA стандартына сәйкес QZ
деген домен "user-assigned code" тізімінде тұр. Яғни, бұл домен бос емес, оны біз тіркей алмаймыз. Солай болғанына да шүкір.
2012 жылы ешкімге керек емес .қаз
деген домен қосылды. Шыныңызды айтыңызшы, осы кезге дейін істеп тұрған Ақорда.қаз деген доменді ашып көрдіңіз бе? Жоқ, әрине. Ол доменнің керек еместігі сонша, оны басқарып отырған мекеме доменнің SSL-сертификатын жасамаған тіпті. Латын қарпіне ауысқалы жатқанда бұл идеяны тіпті ұмыту керек. Бірақ, оның керек еместігіне қарап тұрған .қаз
домені жоқ. Бағасы .kz
-пен бірдей.
Баға демекші, қазір .kz
доменін қолдану үшін біз жылына 4256 теңге төлейміз. Бұл баға өткен жылы өсті. Нақты не үшін өскені түсініксіз. Егер .kz
доменіндегі сайт тек қана Қазақстан аумағында орналасқан серверде сақтала алатынын ескерсек, бағаның өсуі біздің хостерлердің қолайына жағатынын түсінеміз.
.kz
доменіндегі сайттардың деректері тек қана Қазақстан аумағында сақталуы қажет. Бұл дегеніңіз – Google Cloud, AWS, MS Azure, Cloudflare деген сияқты алпауыттар елімізде серверлерін ашпайынша біз .kz
доменіндегі сайттарымызды аталған қызметтерге тіркей алмаймыз деген сөз. Неліктен? Өйткені "Интернеттің қазақстандық сегментiнiң кеңістігінде домендiк аттарды тiркеу, пайдалану және бөлу қағидаларын бекiту туралы" бұйрықта солай болсын делінген. Бұл – заң емес, жай ғана бұйрық. Оның ішінде "Домендік атты Интернеттің қазақстандық сегментінің кеңістігінде пайдалану" туралы былай делінген: "Қазақстан Республикасының аумағынан тыс аппараттық-бағдарламалық кешендерде интернет-ресурстар орналастырылған ... жағдайларда уақытша тоқтатылады". Болды.
Осы бұйрыққа бола, біз, арқандалған жылқыдай, тек қана қазақстандық хостиңдерді қолдануға мәжбүрміз. Осы бұйрық өзі заң сияқты өте маңызды мәселеге ықпал етіп тұр. Бұл бұйрықтың жайы қазақстандық доменге келгенде көліктерге қатысты "утильсборға" ұқсас. Жай ақша істеу амалы сияқты көрінбей ме? Бопты. Менің пікірімше, қазақстандық хостерлерден басқа ешкімге пайдасы жоқ бұйрықты, .қаз
доменімен қоса жою керек.
Ал .kz
доменінің орнына еліміздің атына сай; "user-assigned code" тізіміне кірмейтін, қысқа да нұсқа және әлемде сұранысқа ие бола алатын домен қойғанымыз жөн. Мысал үшін, мемлекетке тиесілі, әлемде сұранысқа ие бірталай домен бар: .ai
– Anguilla, .me
– Montenegro, .io
– British Indian Ocean Territory. Біздің де осындай қарапайым сипаттарға ие доменіміз болса, оның саудасы алға жылжып, соған сәйкес, доменнің бағасы да тұрақталады (тіпті түсуі де мүмкін). Сондай-ақ, бұл экономика мен IT–салаға жақсы әсер етуі әбден мүмкін.
Мен осы талаптарға 100% сәйкес келетін домен ойлап таптым: ол – .qr
. QR-код біздің елде ғана емес, бүкіл әлемде кеңінен қолданылатын технология, сондықтан мұндай домен сұранысқа ие болады деп ойлаймын. .QR
деген "Qazaqstan Respublikasy" дегенді білдіреді, оның үстіне "user-assigned code" тізіміне кірмейді және бұндай домен әзірге жоқ.
Осындай ой. Қосар ойыңыз, талқылайтын пікіріңіз болса, поштама жазуыңызды сұраймын. (Әлеуметтік желілерді қолданбағаныма шамамен 8 айдай болып қалыпты ;-)